Шымкентте жалған полицей ұсталды

89

Шымкентте бұрын соңды болмаған «қызықты» ұстау операциясы орын алды, деп хабарлайды Otyrar.kz Шымкент қалалық полиция басқармасының ресми өкіліне сілтеме жасап. Қырғы базар аумағында жүргізілген рейд кезінде полиция формасын киген жас жігіт ДП ішкі қауіпсіздік бөлімінің жедел уәкілдерінің назарына іліккен.

Формадағы жігіт әріптестерінің ерекше назарына бекерге ілінбепті. Жас жігіт полицей болуды қатты армандаған не болмаса жай ғана лауазымы мен формасын пайдаланғысы келген болуы мүмкін.

«Тексеру барысында одан Әл Фараби аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторының «жалған» қызметтік куәлігі тәркіленді. Одан әрі іс жүргізу барысында ер адамның форманы қаладағы дүкендердің бірінен алғаны анықталды. Ол өзі Түркістан облысының тұрғыны, мегаполиске екі күн бұрын келген», — деді Шымкент полициясы.

Күдіктіге қатысты Әл Фараби аудандық полиция бөлімінің тергеушілері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 390-бабы «Билік өкілі атағын өз бетінше иемдену» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Полицейлер ер адамның тәртіп сақшысының формасын қандай мақсатта кигенін әлі анықтау үстінде.