Шымкент тағы да жол ережесін бұзу фактісі бойынша бірінші орында. Қазақстанның бас полицейінің айтуынша, үшінші мегаполис тұрғындары жолдағы тәртіп бұзушылықтарымен ерекше көзге түсіп отыр. Жыл басынан бері оларға миллиардтан аса айыппұл салынған.
Шымкентте көлік жүргізушісі жарты жылда 178 рет жол ережесін бұзған. Оған барлығы 4,5 млн. теңге айыппұл салыныпты. Бұл туралы ҚР ІІМ хабарлады. Сондай-ақ, үшінші мегаполис тұрғындары жол ережесін бұзу бойынша көш басында тұр. Бұған мына цифрлар дәлел.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі: «Бірінші тоқсанның өзінде Шымкент тұрғындарынан 2,2 миллиард теңге айыппұл өндірілді».
Бұл статистика көңіл көншітпейді, әрине. Еліміздің бас полицейі Марат Ахметжановтың айтуынша, ережені елемегендердің кейбірі жылдамдық асырғаны айыппұлға ілінсе, енді бірі көлігін дұрыс орынға қоймағаны үшін көзге түскен. Ал бұл заң бұзушылықтарды «Сергек» камералары арқылы анықталған.
«Бірінші тоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында орын алған екі жол апаты адам өлімімен аяқталды. Ал Шымкентте 9 жол апатында адамдар қайтыс болды»,-дейді ҚР Ішкі істер министрі.
Ал бұл басқа көрсеткіш. Дегенмен мұнда да Шымкент көш бастап тұр. Яғни, қаладағы 9 көлік апатында қайғылы жағдай тіркелген.
Шымкент полицейлерінің айтуынша, жол ережесін бұзған жүргізушілер көбінесе «Сергек» камерасы арқылы анықталады. Сондықтан алдағы уақытта ақылды бейнебақылау жүйесін тағы да көбейту жоспарланып отыр.
Айтпақшы, мегаполисте оң тенденция да байқалады. Мәселен, Шымкентте ұрлық пен ауыр қылмыс фактілері азайған. Дегенмен алаяқтар әлі де айласын асырып жүр. Өйткені қарапайым халық тым сенгіш дейді тәртіп сақшылары.
Дінмұхаммед Ережеп, Шымкент қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі: «Полиция қызеткерлері көлік иелерін жол ережесін сақтауға шақырады. Иә, айыппұл төлеп оңай құтылып кетуге болады. Алайда көлік апатынан біреуді жарымжан етуіңіз немесе өзіңіз ауыр соққы алуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан, барынша сақ болғаныңыз абзал».
Мөлдір Ибадуллаева