Құрылыс барысында кеткен кемшілікті мердігер түзейді

72

Жиделібайсын көшесінің  тұрғындары дабыл қағуда. «Құрылыс барысында салынған көшенің жиегіндегі темірбетон қоршау құлап, адамдардың өміріне қауіп төндіруде»,- дейді олар. Ең сорақысы, аталған көшедегі жолдың күрделі құрылысын жүргізіп жатқан компания олқылықты көрсе де, іске бір айдан кейін кіріскен.

Жиделібайсын мен Тұйық көшесінің тұрғындары осындағы күре жолдың жиегіндегі темірбетон плитасы  құлағалы ұйқыдан қалдық дейді. «Осында жақында ғана төселген асфальт жол көлік жүрген сайын ажырап, тар болып барады. Бізді қоя берші, жасымыз келді, жас балалар құлап түссе, не көлік аударылса не болады?», – деп ашынады тұрғындар.

Әбдімәлік Әбдікәрімов, Тұйық көшесінің тұрғыны: «Бұдан  бір ай бұрын  темірбетонды дуал құлап, енді қоқыс таситын жүк көлігіміз де келмей қойды. Мына жолдан өту қауіпті. Бетонды плитаны орнатқандарына 2 ай ғана болды, құлап қалды. Көлік жүргізушілер жүректерін шүберекке түйңп, бұл жолдан өтеді. Біреу төменге құласа не болады?».

Бақытбек Алдияров, Жиделібайсын көшесінің тұрғыны: «Апатты жағдай, бір шара көрмесе болмайды. Осы күнге дейін  ешкім зардап шеккен жоқ. Мына жардан төмендегі қозғалысы шоғырланған күре жолға құласа, біреу мерт болады ғой. Соған жеткізу керек пе? Неліктен тез арада реттемейді?».

Жиделібайсын көшесінде жолдың құрылысымен жергілікті «Базис-К» серіктестігі айналысуда. Хаджимата ата мен Темірлан тас жолы аралығында жолдың жиегіндегі жол қабатын алып жатқан мердігерлер темірбетон плитасының құлағанынан хабардар. Оны қайта салу жөнінде тиісті құжаттар әзірленіп жатқанын жеткізді.

Ғазиз Наурызбаев, «Базис -К» ЖШС-нің прорабы: «Ескі қоршаудың іргетасы біршама ауытқыған. 30 сантиметрге. Бұл жолда реконструкция жүргізілуде, соның барысында  туралаймыз. Бұрынғы фундаменттің үстіне қаланған еді. Проект арнайы жасалып жатыр. 3-4 күнде дайын болады. Бір айда бітіреміз».

Құрылысшылар мұндай кемшілікті қайталамауға тырысамыз деп уәде берді. Күрделі құрылыс барысында күре жол бір бағытта ені 12 метр 3 жолақты жол, екі жақтан да ирригациялық лоток пен жаяу жүргіншілер жолы түседі екен.

Тұрғындар болса сапалы жол барлығымызға керек, алайда құрылыс барысында барлық талаптардың орындалғаны жөн дейді.

Шынар Оразова