Сарыағаштық шаруалар 10 облысқа өнім жібереді

75

Түркістан облысындағы шаруалардың өнімдері өзге өңірлерге шығарылады. Диқандар енді өсірген өнімдерін бұрынғыдай алыс жаққа саудалап әлекке түспейді. Себебі, енді көкөністерді еліміздің солтүстік, шығыс және батыс аймақтарындағы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары сатып алады. Қазір Сарыағаш ауданының шаруалары 10 облыспен келісім шартқа тұрған.

Ынтымақ ауылында тұратын Қайрат Жаппаров есімді шаруа жылына 70-100 тоннаға дейін қырыққабат жинайды. Енді 10-шақты күнде алғашқы өнімді саудалай бастайды.

Ал қалғанын маусым айында сатылымға шығарады. Жылда өнімді өткізе алмай қиналатын шаруа биыл сатып алушылар алдын-ала белгілі болды деп қуанып отыр.

Қайрат Жаппаров, шаруа:
«Қазірдің өзінде 7-8 облыспен тұрдық. Мың тоннаға жақын өнімге келісім-шарттар жасалды. Олармен май айында, июнь айларында жеткізіп беруге келістік. Бір жағынан ол кезде баға қандай болып кететінін ешкім білмейді. «Сондықтан көптеген шаруаларымыз осындай келісім шартқа тұрып жатыр».

Сарыағаш ауданында бүгінде үш мыңға жуық шаруа бар. Олардың көпшілігі ерте көктемде қырыққабат егуге ден қойған. Ал кейбірі жылыжайларда егіп, үш рет өнім жинап алатын көрінеді. Бұған дейін өнімді ішкі нарықпен қоса, Ресейге жөнелтіп келген диқандар енді солтүстік өңірлерімен келісімге тұруда. Әзірге қырыққабаттың келісін 140 теңгеден саудалауға келісіпті.

Сейілхан Мараханов, шаруа:
«Алдыңғы жылдары, былтырғы жылы болған жоқ сөздің ашығы, жерде қалды көкөністеріміз. Биыл енді Петропавлдан келді, Павлодармен договорға отырдық қырыққабатқа. 100 тонна, 150 тонна. Әр облыстар 200 тонна 250 тоннадан отырып жатыр. 30 пайыз ақшаларын аударды.»

Бүгінде бірқатар аймақ піскен қырыққабатты сатып алуды бастап та кеткен. Мамандар жылда шығынға бататын ауыл еңбеккерлері үшін бұл өте тиімді болды деп отыр. Себебі, сатып алушылар қаржыны алдын-ала төлеген екен. Мұнымен шектеліп қоймай, күзгі өнімдерді де сатып алуға ұсыныс жасаған көрінеді.

Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
«Олар күздік өнімдерімізге, тек қана қырыққабат емес, картоп өніміне, сәбіз өнімін сатып аламыз деген ниеттерін білдіріп отыр. Ал енді бұдан кейінгі ашық алаңда дайын болатын қырыққабатымыз бар. Оның бағасын 80-90 теңге деп белгілеп отырмыз. Енді картоптың бағасын да келіссөздер жүргізіп жатыр картоптың бағасын белгілеуге.»

Солтүстік өңірлер келер жылы да көкөністерді тікелей диқаннан сатып алуды көздеп отыр. Тіпті қазірден бастап шаруалармен келісіп, келесі көктемде іске кірісуі үшін қаражаттың 30 пайызын төлеп қоюды жоспарлап отыр екен.

                                                                                                Гүлдана Дәурен