Шымкент әкімі: «Жыл соңына дейін қала аумағы 99 пайыз ауыз сумен қамтылады

122

Шымкент қаласы әкімінің қала тұрғындарымен кездесуі жалғасуда. Мұрат Әйтенов бүгін Қаратау ауданының тұрғындарына есеп берді. Өзбек драма театрында өткен кезедсуде қала басшысына түрлі сауал қойылып, мәселе көтерілді. Қаратау ауданында шешімін таппаған қандай мәселелер ? Тұрғындарды қандай сауалдар мазалайды?

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың бұл жолғы халықпен кездесуі тойханада емес, Өзбек драма театрында өтті. Кезекті жиында шаһар басшысы Қаратау ауданының тұрғындарына есеп берді. Әкім есебін тыңдауға ауданның 350-ден астам тұрғыны қатысты. Айта кетейік, 24 елдімекені бар бұл ауданда 270 мыңға жуық адам тұрады.

Биыл Шымкентте «Ақжар» қосалқы станциясын салу аяқталады. Ал қаланы сапалы электр қуатымен қамту көрсеткішін 99%-ға жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін қазынадан 7,3 млрд. теңге қаралған. Сонымен қатар, 2022 жылы қаланы кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 60%-ға жеткізу жоспарлануда.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Көп тұрғындар «осы әкім 100 пайыз елдімекенге ауыз су берілді деп айтады. Ол неге өтірік айтады? Біздің үйде су жоқ» дейді. Ең бастысы осыны түсіндіріп кеткім келеді. Мемлекет тарапынан жалпы ішкі жүйелерді инженерлік инфрақұрылымды жүргізген кезде, ешкім үйге дейін алып келмейді. Оны жүргізіп, үйдің алдына дейін әкеледі, ал үйге кіргізу әр қала тұрғынының өзінің міндеті».

Кездесуде аудан халқы қала басшысына өздерін толғандырған түрлі сауал жолдады. Мәселен, Азат шағынауданының тұрғыны Парымбек Жұмабеков Сабыр Рахымов көшесіндегі бірнеше үйдің құжаттарын ресімдеуді сұрап, аталған көшеде жарық жоқ екенін айтты. Тұрғынның уәжі жауапсыз қалған жоқ.

Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдың басым бөлігі коммуналдық -мәселелер. Инфрақұрылым, ауыз су, жол, аялдама. Дегенмен, әкімнен жауап алғысы келгендердің арасында шахмат ғимаратын қайтарып беруді өтінгендер де бар.

Мұрат Дүйсенбекұлы аталған мәселемен таныс екенін айтып, өз бақылауына алуға уәде берді. Ал, Қызылсу шағынауданының тұрғыны мәселесін шенеуніктер шешіп бере алмаған соң, сауалын әкімге тікелей жеткізуге келіпті.

Тұрғындар сауалын жолдау барысында театр залында өртке қарсы дабыл жүйесі ойнады. Шаһар басшысы халықты дүрлікпеуге шақырды. Көп ұзамай, дабылдың жалған екені анықталып, сұрақ-жауап жалғасын тапты. Есептік жиынға қатысқан тұрғындардың басым бөлігі ауыз су мәселесін шешіп беруді сұрады.

Айта кетейік, бұл жиында Қаратау ауданының жаңа әкімі Рақымберді Мүлкеманов та есеп берді. Аудан басшысы әр тұрғын алап пен шағынауданға жеке тоқталды.

Рақымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Жалпы қаламызда 1000 шаршы метр тұрғын үй тапсырылса, соның 700 шаршы метрі Қаратау ауданына тапсырылған. 462 млрд. инвестиция кетсе, соның 190 млрд. инвестиция Қаратау ауданына келген. Соған қарағанда Қаратау ауданы қаламыздағы ең үлесі жоғары ауданның бірі болып саналады».

Қала әкімінің 4 ауданға есеп беру кездесуінің алғашқы тоқсаны аяқталды. Мұрат Әйтеновтің сөзінше, 2022 жылдың соңына дейін қала аумағы 99% ауыз сумен қамтылады. Бұған бюджеттен 4,6 млрд. теңге қаралған.

Шымкентте жалпы ұзындығы 3247, 6 шақырым көше бар, оның 63,6%-ына яғни, 2000-нан астам шақырымына ғана асфальт-бетон төселген. Қала әкімі көшелерге 100 пайыз асфальт-бетон төсеу жұмыстары 2025 жылға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

 Гүлдана Дәурен