Шымкент қаласының әкімі Қаратау өңірінің тұрғындары алдында есеп берді. Бұл басшының шымкенттіктермен 15-ші кездесуі. Күн тәртібіне қойылған мәселелер көп, соның ішінде коммуналдық қызметтердің жұмысы бірінші орында тұр.
Мұндай әкім есептері үнемі қызу талқылаумен өтеді. Себебі тұрғындардың кейбірі шенеуніктерді сынап келсе, тағы бірі арыз-шағымен жеткізеді, енді біреулері нақты шешімді талап етеді. Ал Мұрат Әйтенов айтылған мәселені назарға алып қана қоймай, жауапты өкілге қысқа мерзім ішінде шешімін табуды тапсырады.
Жергілікті билікке қойылар сұрақтар көп. Мәселен, мына ақсақал әкімге медициналық мекеме мәселемен келіпті. Ол Қайнарбұлақта ем алатын мемлекеттік мекемені ертерек ашып беруін сұрауда.
«Бізде емхана қашан салынады? 8000 адам бар дейді, жоқ 12 мың адам тұрады. Бәрі әркімнің табалдырығын аттап 1 уколды 1000-1200 теңгеге салдырады», дейді тұрғын.
Ғалымжан Тілеуов, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Сіздер жаққа «Империал Медикал» деген жеке кәсіпкер емхана соғуға ұсыныс білдірген. Әкімдіктен қолдау тапты, денсаулық басқармасы келісім берді. Енді бәрі кәсіпкерге байланысты».
Негізінде әкімге қойылатын сұрақтар жауапсыз қалмай, мәселенің шешімін шапшаң табу жергілікті атқамінерлерге жүктеледі. Жақында Қаратау ауданында әкім ауысты. Шымкент басшысы есеп беру барысында жаңа басшыға тұрғындармен жиі кездесулер өткізуді тапсырады.
Әкімнің халық алдындағы есебі үш сағатқа созылды. Тұрғындардың мәселелі сауалдарын бірде-бір шенеунік жауапсыз қалдырмады. Мұрат Әйтенов бұл ел алдындағы соңғы кездесуі емес екеніне сендірді.
Бұл қазірдің өзінде қала басшысының 15-ші есептік кездесуі. Тұрғындар айтылған мәселелердің барлығы сөз жүзінде қалып қоймай, нақты шешімін табады деп сенеді.
Әсел Мәлік