Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон желілерінің алдын-алу және оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында қарқынды қызмет етіп келеді.
Сондай-ақ облыс аумағында жүрген шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуде күн тәртібінен түскен емес. Атап айтсақ тәртіп сақшылары рейдтік-профилактикалық іс-шараларды үнемі ұйымдастырып, тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады.
Кезекті рейд кезінде Арыс, Сарыағаш және Отырар аудандарының аумақтарында далалы жерлерде өсетін емдік қасиеті өте жоғары дәрілік «кеурек» (ферула) шөбін заңсыз қазғандар ұсталды.
Яғни шара барысында Отырар ауданында 33 (Тәжікстан) және Арыс ауданында — 101 (Өзбекстан) заңсыз жұмыс істеп жүрген шетелдіктер анықталды. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша жауапқа тартылып, 100-ден астам шетелдік әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар «Кеурек» шөбін қазуға заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан Қазақстан Республикасының 2 азаматы анықталып, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабымен «Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту» бойынша хаттама түзілді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тек орын алған құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді, көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескерту жасалды. Түркістан облысының полицейлері бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.