Шымкент тұрғыны тапа-тал түсте әйелін жұрттың көзінше ұрып-соқты

582

Әлеуметтік желіде ер адамның әйелін өтіп бара жатқан адамдардың көзінше аяусыз ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео тарады, деп хабарлайды ОТЫРАР.

Оқиға бүгін Дулати көшесінде күндіз болған. Кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар әйелге араша түсіп, ер адамның ашуын басуға тырысты. Алайда бөгде адамдардың араласуы ер адамды одан сайын ашуландырды. Куәгерлер түсірген кадрларда ер адамның ашуланып жәбірленушіні жерге лақтырып, балағат сөздер айтқаны көрінеді.

Бұл видео әлеуметтік желілерге тез тарап кетті. Полицейлер дереу әрекет етіп, оқиға орнына жеткен. Белгілі болғандай, жанжал отбасылық, ал сенсациялық роликтің кейіпкерлері ерлі-зайыптылар.

«Әйел арыз жазудан бас тартты. Учаскелік инспекторлар отағасымен профилактикалық әңгіме өткізіп, «қорғау нұсқаулығын» шығарды. Егер мұндай әрекет қайталанса, ер адамды әкімшілік қамауға аламыз», — деп хабарлады Шымкент қалалық ПД өкілдері.