Úı ANONS Үйінде жанжал шығарған 72 адам қамауға алынды

Үйінде жанжал шығарған 72 адам қамауға алынды

Шымкентте отбасылық дау-жанжал мәселесі өзекті болып тұр. Өткен жылы қала полициясына тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 7500-ға жуық шақырту түскен. Ал биылдың өзінде 500-ден астам арыз тіркеліп үлгерді. Мамандардың сөзінше, шағымданушылардың дені – әйелдер екен. 

Мегаполисте отбасылында жанжал шығаратындар саны азаймай тұр. Жыл басталғалы 500-ден астам отбасы тұрмыстық дауға байланысты полиция шақырған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, кикілжің тек ерлі-зайыптылар арасында емес, ене мен келін, әке мен бала, тіпті апалы-сіңлілер арасында да болады. Ал ұрыс-керістің түп-төркіні көбіне қызғаныш пен ішімдікке тіреледі екен.

ДИАНА САХИБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПД ИНСПЕКТОРЫ: «Алкогольдік ішімдіктер көп ішілгендіктен үйінде отбасын ойрандап отырады. Әкесі мас болып келген кезде бала-шағасына тиіседі, әке-шешесіне тиіседі. Әйеліне тиіседі. Ондай фактілер көп болады»

Полиция қызметкерлері біреуді ұрып-соғудың соңы абақтымен аяталуы мүмкін екенін ескертеді. Тіпті өзге адамды балағаттау немесе қорқыту да жауапсыз қалмайды. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа келгенде айыппұл салынбайды, шағым түссе, кінәлі адам бірден қамауға алынады дейді мамандар.

ДИАНА САХИБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПД ИНСПЕКТОРЫ: «Әйеліне боқтаған болса, ӘҚтК 73 бабының 1 тармағы бойынша хаттама толтырылады. Ал егер ұрып-соғу фактілері орын алса ҚР ҚК 109 бабы 1 тармағымен іс қозғалады. Соның бәрі сот тарапынан шешіледі»

Айта кетсек, жыл басталғалы тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша  72 адам қамауға алынған. Салдарынан 2 адам зардап шеккен.

Лаура Бабас