Шымкентте зейнеткерлерді ұрып-соққан полицей қызметінен босатылды

188

Наурыз айының басында қарт ерлі-зайыптыларды соққыға жыққан Еркеғали Диханбаев полиция қызметінен қуылды, деп хабарлайды ОТЫРАР. Бұл туралы Шымкент қалалық полиция басқармасынан хабарлады.

Еске салайық, полиция қызметкері Еркеғали Диханбаев пен жараланған Олег Петровский арасындағы жанжал ақпан айының соңында болған. Ер адамдар арасындағы ауызша кикілжің ұрып-соғуға ұласқан. Одан кейін жәбірленушінің әйелі де төмпештің астында қалған.

Көпшіліктің наразылығынан кейін Еркеғали Диханбаевқа қатысты хаттама жасалып, материалдар сотқа жіберілді. Алайда, полицейлердің айтуынша, тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтатылды.

«Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторына қатысты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73-1 бабы бойынша хаттама толтырылды. Жиналған материалдар Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Сот қаулысымен тараптардың татуласуына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды», – деп хабарлады Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша Шымкент қаласы ІІД ішкі қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеру жүргізді. Нәтижесінде тәртіптік комиссияның шешімімен полиция қызметкері ішкі істер органдарынан қызметінен босатылды, деп қосты ведомстводан.