Шымкенттегі перзентхана аумағында жарылыс болды

95

Алдын ала мәлімет бойынша 1 адам қайтыс болды. Жарылыс салдарынан ауруханааралық дәріхана ғимараты қирады, деп хабарлайды ОТЫРАР.

Ғ. Ильяев көшесінің бойында жарылыс болғаны туралы хабарлама 102 пультіне 21 мамыр күні сағат 11:37-де түскен. Оқиға орнына полиция мен Төтенше жағдайлар департаменті жедел жеткен.

«Келген кезде жарылыс салдарынан тұзды ерітінділер шығарылатын №138 ауруханааралық дәріхана ғимаратының қирағаны анықталды. Жарылыс салдарынан болған өртті Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері толығымен оқшаулады. Алдын ала болжам бойынша, жарылысқа газдың жиналуы себеп болған. Күзетші сол жерде жан тапсырды. Басқа зардап шеккендер жоқ», — деп хабарлады Шымкент қалалық ІІД баспасөз қызметі.

Куәгерлердің айтуынша, жарылыс болған ғимарат қасында перзентханадан адамдар эвакуацияланып жатыр.

Жарылыс салдарынан көршілес ғимараттардың шатырлары да зақымдалған. Оқиға орнында «ОТЫРАР» телеарнасының тілшілері жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.