Шымкенттегі жарылыстың мән-жайы: Ғимаратта 2 тоннадай сутек асқын тотығы болған. Мұны Шымкент қаласы ТЖД бастығы Мадияр Жақсыбаев растады. «Ауруханааралық №138 дәріхана» ЖШС иесінің сөзіне сүйеніп айтты. Оның сөзінше, жарылыс болған ғимарат осы ЖШС-іне тиесілі екен.
«Болжам бойынша, ғимарат иесінің айтуынша, ғимаратта шамамен 12 литрлік ыдыста 2 тоннаға жуық сутек асқын тотығы сақталған. Қазіргі таңда арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр», – деді ол.
Өрт сөндірушілер оқиға орнында ер адамның мәйітін тапты. 1979 жылы туған азамат жарылыс болған ғимарат жанында орналасқан перинаталды орталықта қарауыл болып жұмыс істеген екен.
«Бұл жеке ғимараттың перинаталды орталыққа еш қатысы жоқ. Перинаталдық орталықтан шамамен 100-ден астам әйел бөпесімен бірге Рашидов көшесіндегі перзентханаға эвакуацияланды. Ғимаратқа көршілес орналасқан 5 қабатты тұрғын үйдің шамамен 15-20 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Мадияр Жақсыбаев.
Жарылыстан ғимараттың 130 шаршы метрі ішінара құлаған. Ғимарат жанындағы 5 қабатты тұрғын үйдегі 1 пәтердің балконы, терезелер және жақын маңдағы 7 жеңіл автокөлік зақымдалыпты.