Қазақстандық оқушылар Франциядағы Дүниежүзілік гимназиадада 87 медаль жеңіп алды. Ел қоржынында 34 алтын, 32 күміс және 21 қола бар. Сайыста бірінші орынды шымкенттік спортшылар иеленді. Оларды жанкүйерлері қала вокзалында үлкен құрметпен күтіп алды.
Бүгін қала жұртшылығы дүниежүзілік гимназиаданың жүлдегерлерін қарсы алды. Олар, спорттың еркін күрес түрінен сынға түсіп алтыннан алқа тағынған Джохар Уразов, Жавохир Абдумажитов және Жәнел Нармат. 16 жасар палуан Жавохир Абдумажитов өз жеңісін отбасына арнады. Жеңімпаз ұлын мақтанышпен күтіп алған әкесі, көз жасына ерік берді.
Жавохир Абдумажитов, Гимназиаданың алтын медаль иегері: «Бәрі папамның арқасында, папам әрқашан қасымда болды. Сол үшін әкеме тақтым. Атам тірі болғанда атама тағар едім».
Әлемнің 70 елінен спортшылар қатысқан байрақты бәсекеде ел намысын асқақтатқан жеңімпаздарды ұстаздары, достары мен туыстары ерекше құрметпен күтіп алды.
Зәкіржан Ибрагимиов, Жавохир Абдумажитовтың ағасы: «Інімнің баласы чемпион болып келіп жатыр. Бүгін өте қуанышты күн. Бұдан кейін де ауылымыздың, ауылымыз ғана емес Қазақстанның туын биіктен көтереді деп ойлаймыз. Біз өте қуаныштымыз. Барлық қазақстандыққа осындай балаларының чемпион болуы нәсіп етсін. Қазақстынның жалауын биікке көтеруге тілектеспін».
3 бірдей гимназиада чемпионын тәрбиелеп шығарған №15 жекпе-жек спорт мектебінде, спорт шеберлері жетерлік. Мұнда 900-ден аса бала спорттың 10 түрінен жаттығады. Жас чемпиондар шеберханасы 2021 жылы «Ең үздік спорт мектебі» атағына ие болған.
Ермек Байдуашев, №15 Жекпе-жек спорт мектебінің директоры: «Біздің алдымызда Әлем чемпионаты бар. Ол жақта Джохар да Жавахир да күреседі бұйырса, бізде күрестен әлем чемпиондары саусақпен санарлық қана. Міне гимназиададан ұтып келді. енді әлем чемптоны болады деп үміт күтіп отырмыз».
Жақында ғана Джохар Уразов ішкі біріншіліктерге қатысып, Қазақстан чемпионы атанған. Спортшылардың барлығы да түрлі сайыстардан жүлдесіз қайтқан емес. Талабы таудай спортшыларда жеңіске марқайып еркінсуге уақыт жоқ. Себебі оларды, алда Әлем чемпионаты мен Азия Чемпионаты күтіп тұр.
Әсел Мәлік