Сурдлимпиададан шымкенттік спортшылар Жапонияның Токио қаласында жеңіс туын желбіретті. Оларды жақындары мен туыстары, қала әкімнің орынбасары, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев қарсы алып, сый-құрмет көрсетті.
Шымкент халықаралық әуежайында XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қарсы алу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және спорт басқармасының өкілі, Қанат Жолдықараев қатысып, спортшыларды жарқын жеңістерімен құттықтады. Сонымен қатар, Токио төрінде ел намысын абыроймен қорғап келген спортшыларды қала тұрғындары да зор қошеметпен күтіп алды.
Айта кетейік, еркін күрестен Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Құрама қоржынына түскен алтын медальді шымкенттік Пернеш Шадияр алды. 65 келі салмақта күрескен бұл спортшы барлық қарсыласынан басым түсіп, финалда ирандық балуанды айқын жеңіп, Сурдлимпиаданың чемпионы атанды.
Ал 86 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сабыржан Рсалы да мықтылығын танытып, жартылай финалға дейін жетті. Қола медаль үшін өткен шешуші кездесуде грек балуанын жеңіп, жарыстың қола жүлдегері атанды.
САБЫРЖАН РСАЛЫ, XXV ЖАЗҒЫ СУРДЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЕРКІН КҮРЕСТЕН ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ: «Мен бүгін Барша қазақ еліне, Шымкент халқына алғыс білдіремін. Өте қуаныштымын. Бізді қолдаған жандарға да алғыс. Жапония елінде Токио қаласында өткен жарыстан 3-ші орын алдым. Бізді әрдайым үздіксіз жаттықтырып, сабырлыққа шақырып отырған жаттықтырушым Ғалымжан ағайға алғыс білдіремін».
Жаттықтырушының айтуынша, спортшылардың халықаралық аренада ел намысын қорғауы, тек жеке жетістік емес, бүкіл отбасы мен қала абыройын асқақтататын оқиға. Олардың бұл жетістігі, жылдар бойғы еңбектің, табандылық пен шыдамдылықтың нәтижесі дейді.
ҒАЛЫМЖАН ЖАЛТАЙҰЛЫ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: «Екі оқушым да дайындалып барды ғой. Дайындықтың өзі де ондай ситуацияларда эмоцияларға беріліп кетесің. Мәселен, Шадиярдың өзі де 10 секунд қалғанда жеңісті жұлып алғандай болды ғой. Сабыржан күрескен кезде де ақтық сынға жолдама алған кезде сондай болды. Толқыдық».
Айта кетейік, дүбірлі дода 15–26 қараша аралығында өтті. Биылғы ойындарға 80 елден келген 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен бақ сынады. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады.
Нұргүл Жолымбетова





