Естуші мемлекет аясында ашықтықты қамтамасыз ету үшін Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев облыс тұрғындарымен кездесу өткізіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдауды дәстүрге айналдырған.
Осындай кезекті облыс әкімінің азаматтарды қабылдауы Келес ауданында ұйымдастырылды. Келестік тұрғындар облыс әкіміне көкейдегі мәселелерін жеткізіп, жауаптарын алды. Оның ішінде тұрғындардың бірқатары, ауылдастарының бірі үйінде құрамында есірткісі бар, сатуға тыйым салынған дәрі-дәрмектерді сатуы мүмкін деген арыз-шағымдарын айтып, осы бойынша полицейлерге тапсырма берілуін сұрады.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, тұрғындар тарапынан келіп түскен осы ақпаратқа бірден назар аударды. Облыстың бас полицейі оқиғаның мән-жайын анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-нің тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел топ құрды. Аталған полицейлер шұғыл Келес ауданына іссапармен шықты. Полицейлер қажетті тексеру амалдарын жүргізді. Куәлардан жауап алды. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын анықтады. Осылайша жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде тәртіп сақшылары, тұрғынның құрамында есірткісі бар дәріні сатып жатқан сәтіне куә болды. Яғни полицейлер күдікке ілінген үйге келген сәтте, анықталған мекенжайға кіріп-шыққан тұрғынды байқап, одан бірден жауап алды. Онымен тілдесу барысында тұрғын, аталмыш үйден 10 пластина «Трамадол» дәрісін сатып алып шыққаны белгілі болды.
Анықталған іс бойынша, үй иесін тексеру кезінде 61 жастағы әйел өз кінәсін мойындап, полицейлерге тағы 35 дана пластина дәріні өз еркімен тапсырған. Аталған дерек Келес АПБ-ға тіркеуге алынды. Қазіргі таңда полиция тарапынан қажетті іс-шаралар өткізіліп, жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша фармацевтикалық бақылау департаментіне жолданды.