Жарылыстан зардап шеккен бір адам жансақтау бөлімінде жатыр

65

21 мамыр күні Шымкент қаласында болған жарылыс салдарынан 8 адам зардап шегіп, ауруханаға түскен. Оның біреуі – жарылыстан 5 сағаттан кейін кешкі 18:00-де қаза тапқан құрылыс компаниясының қызметкері. Ол оқиға кезінде перинаталды орталықтың жөндеу жұмысымен айналысып жатқан. Ал қалған 7 науқас қаладағы бірнеше ауруханаға жатқызылған. Қазіргі уақытта 6 науқастың жағдайы тұрақты, ал біреуі жансақтау бөлімінде жатыр.

Марат Пашимов, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Оқиға орнында қаза тапқан күзетші шамамен осыдан 3 ай бұрын отбасын құрған. Оның артында аяғы ауыр келіншегі қалды. 1979 жылғы азаматтың отбасына облыстық әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі. Ал, қайтыс болған құрылыс компаниясы қызметкерінің отбасына жұмыс беруші тарапынан жәрдем беріледі. Сондай-ақ, қазір арнайы мамандар шетінеген баланың анасына психологиялық көмек көрсетіп жатыр».

Ал №1 перинаталдық орталықта кіші буын қызметкері Ділмира Хашимбаева оқиға кезінде өз міндетін атқарып жүргенін айтады. Ол жарылысты естігенде ғимараттың ішіне қарай бас сауғалап қашқан. Бірақ, ішке кірген сәтте бірнеше жерінен жарақаттанған көрінеді. Дегенмен, оған қарамастан іштегі ана мен балаларды сыртқа алып шығуға көмектесіпті.

Ділмира Хашимбаева, №1 облыстық перинаталдық орталықтың кіші буын қызметкері:
«Мен бұл жерде 3 жылдан бері жұмыс істеймін. Біз жарылыс болған уақытта сыртта қызметімізді атқарып жатқанбыз. Қатты дауыс шыққанда, жан сауғалап ішке қарай қаштық. Өте қорқынышты болды. Аяқ-қолым бірнеше жерден жарақаттанды. Кеше жағдайымды білуге туыстарым келген еді, бірақ оларды ішке кіргізбеді».

Жарақаттанған 7 адамның бесеуі облыстық перинаталдық орталық қызметкерлері екен. Дәлірек айтсақ, 4 кіші буын қызметкері мен 1 медбике. Ал қалған 2 адам интернет қосумен айналысқан жұмыскер. Жарылыс салдарынан екі адам жансақтау бөліміне түсіп, біреуінің жағдайы тұрақталған соң, ортопедия бөліміне ауысқан. Ал екіншісі әлі ауыр халде дейді мамандар.

Енді облыстық перинаталдық орталыққа келетін Шардара және Келес ауданының тұрғындарын Сарыағаш ауданындағы перзентхана қабылдайды. Ал басқа аудандардың тұрғындары Шымкенттегі №2 перинаталды орталыққа көшіріледі.

Бүгінгі таңда орын алған жағдайға байланысты арнайы жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Ал №1 облыстық перинаталдық орталықтың жұмысы қашан жаңғыртылады, шығын көлемі қанша екені және басқа да мәліметтер тек арнайы тексері жұмысы аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Гүлдана Дәурен