Шымкенттің «Тазалық сақшылары» күндіз түні жұмыс істейді

90

Шымкентте қала тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс күндіз-түні атқарылып жатыр. Қарқынды түрде қызмет етіп жүрген қаланың «тазалық сақшыларының» жұмысы мереке күні бірнеше есеге күшейеді. Жалпы қызметкерлер үш ауысымда, тұрақты түрде жұмыс істейді.

Үшінші мегаполисте тазалық жұмыстары күнделікті қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Тазалық «сақшылары» тіпті мереке күндері де демалмай, қолына құрал-саймандарын алып, үздіксіз еңбек етуде. Мұнда жұмысшылар күнделікті тазалық жұмыстарын үш ауысымда жасайды. Ал тек бір ауысымның өзінде 800-ге жуық қызметкер жұмыс істейді.

Санитарлық-тазалық қызметіне – көшелер мен аялдамалардан бөлек, ирригациялық атыз жүйелерін тазалау жұмысы да кіреді. Сәбит Құлшынбаев 10 жылдан астам уақыт қаланың тазалығын сақтауға үлесін қосып келеді. Таңғы сағат 6-да жұмысына кірісетін 60 жастағы қария қаланың көркеюіне қолымнан келгенінше үлес қоссам дейді.

Сәбит Құлшынбаев, «Build stroi” ЖШС қызметкері: «Лоток көптен бері тазаланбаған екен, бүгін соны тазалап алып жатырмыз. Бұны біз күнде ашпаймыз. Тек толып қалған кезде, ашып тазалаймыз».

Тазалықтан бөлек мегаполистің ажарын ашып тұрған жасыл-желекті күнделікті суғару жұмысы да бар. Қала тұрғындары тазалық «сақшыларының» жұмысын күнделікті бақылап-байқайтынын айтып, Шымкенттің бұрынға қарағанда әлдеқайда таза қала болғанын атап өтті.

Қаланың орталық және ішкі орамдық көшелерін таза ұстау бағытында жолдар мен аялдамаларды жуатын қызметкерлер мен арнайы техника күндізгі және түнгі екі ауысымда жұмыс істейді.

Жандос Оспанов, «Build stroi” ЖШС өндірістік-директоры: «Жалпы қызметкерлерге оңтайлы жұмыс бағытында бүкіл арнайы киім, құрал-саймандармен жабдықталған. Және қалада 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Ол күндізгі және түнгі ауысымда жолдарды жуады. Нақтырақ айтқанда жолдарды, аяқ жолдарды, аялдамаларды жуады, қалада санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізіп, өздеріңіз байқағандай ирригациялық арықтарды да тазалау жұмысы жүргізілуде».

Жалпы қала аумағында тазалық жұмысы үшін 1300-ге жуық қызметкер жұмылдырылған. Ал мереке күндері жұмыс бірнеше есе күшейеді. Осы ретте жауаптылар қала тұрғындарын мегаполис тазалығын сақтауға шақырады.

Гүлдана Дәурен