Келес ауданында түнгі уақытта екі ер адам өзгенің үйіне кіріп, қарақшылық шабуыл жасаған. Жәбірленушінің сөзінше, олар үйдегі адамдарды қарумен қорқытып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Күдіктілер үйге кірген сәтте, ұйықтап жатқан үй иесі оянып кетіп, олардан кім екенін сұраған. Алайда, күдіктінің бірі оның, аузын жауып, дауыс шығармауына әрекет еткен көрінеді. Сол сәтте оянып кеткен әйелі күдіктіге қарай ұмтылған. Арпалыс кезінде сезіктілердің бірі қолындағы пневматикалық қарумен оқ атып, үйден қашып кетеді.
Салдарынан үй иесі жарақат алған. Жедел іздестіру жұмысының нәтижесінде күдікті екі ер адамның жеке басы анықталып, олар тұрғылықты мекенжайынан ұсталған. Олар Келес ауданының тұрғындары әрі бір-біріне туыс, жұмыссыз жас жігіттер болып шықты. Күдіктілер полиция бөліміне жеткізіліп, тінту кезінде айғақты зат ретінде пневматикалық қару тәркіленген.
Бауыржан Қуатов, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары: «Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігі «Қарақшылық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады».