Ө.Шөкеев Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барды

52

Биыл Түркістан облысында жол салу және жөндеу жұмысына 35,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Өңірде 2022 жылы 2000 шақырымнан астам жол жөнделеді деп жоспарланып отыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түлкібас ауданына іссапармен барып, өңірдегі айтулы құрылыс жұмысымен танысты.

Ләззат Домаеваның отбасымен бірге Балықты ауылына көшіп келгеніне биыл 3-ші жыл. Әр жазда шаңнан, қыста лай-батпақтан көз ашпайтын едік деген әйел жақында көшемізде ұлан-асыр той болады деп қуанып отыр. Себебі жаздың аяғына дейін ауылда бірнеше көшеге асфальт төселеді.

Ләззат Домаева, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Бұрын лай-батпақ болып жататын еді, балаларымыздың да сабаққа барып-келуі қиын болатын. Біраз қиналдық, енді міне жол төсеп жатыр. Қуаныштымыз, осы қолға алған жандарға рақмет айтамыз!».

Түлкібас ауданында биыл 38,8 шақырым жолды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Аудандағы жол мәселесін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапары барысында тексеріп қайтты.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Ауылда бұл өте жақсы. «Ауыл-ел бесігі» деген бағдарламаны өте жақсы пайдаланып жатырсыңдар».

Биыл облыс аумағында жол сапасы әлдеқайда жақсарған. Облыстық автомобиль жолдары басқармасының басшысы көшелерге орташа жөндеу жұмысы уақытылы жүргізіліп отырады дейді.

Ролан Ибрагимов, Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «2022 жылдың қорытындысы бойынша қаржы толығымен игеріледі деп күтілуде. Жақсы және қанағаттанарлық жолдардың индикаторына келер болсақ, бәрі жақсы».

Түркістан облысында жалпы көлемі 2000 шақырымнан астам жол төселіп жатыр. Ал өңірдегі жол мәселесін шешу үшін 35,5 млрд теңге қаралған. Өмірзақ Шөкеев аудан әкіміне қатаң бақылау жүргізіп, жұмыстарды уақытында орындауды тапсырды.

Гүлдана Дәурен