Полицейлер облыстағы 951 мектепті тексеріп, қажетті жол белгілерін жаңартуда

75

Оқу жылының басталуы қарсаңында, оқушылардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ балалардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын нығайту мақсатында, Түркістан облысында республикалық «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Жалпы Түркістан облысында орналасқан мектептер саны — 951. Оның 142-сі қалалық жерде болса, 809 ауылда орналасқан. Іс-шара барысында барлық мектеп тексерілді. Яғни әрбір мектептің жолы, оған жақын көшелердегі жол белгілері талапқа сай болуы үшін полицейлер жүйелі жұмыс жасап, қажет болса жаңалауға ұсыныс беруде.
Мәселен аталған мектептерде жалпы жаяу жүргінші өткелі 1286 болса, оның ішінде 238-і қайта реттеуді қажет етеді. 2022-2023 оқу жылының басталуына орай Түркістан облысы Полиция департаменті Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің қызметкерлерімен 170-ден астам тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 126 кемшілік анықталып, 89 жол белгілері жаңартылды. 59 жаяу жүргінші жолағы жаңадан орнатылып, 19 жасанды кедергілер орнатылды. 28 шақырым тратуар жолағы жаңарып, 950 метр мектеп аумақтары жарықтандырылды.
Ал облыс орталығы — Түркістан қаласында жол бойында орналасқан 31 мектеп бар. Сол себепті полиция қызметкерлері тарапынан қала әкімдігіне 31 ұйғарым беріліп, нәтижесінде 5 жасанды кедергі, 31 «Жаяу жүргінші жолақтары», 21 дана «Абайлаңыз балалар» және «Жаяу жүргінші өткелдері» жол белгілер орнатылды.
Түркістандық тәртіп сақшылары, ұстаздар мен ата-аналарға ұл-қыздары жол қозғалысы ережесін сақтап жүруін қадағалауды ескертеді. Жеткіншек, жасөспірімдерге жолдан өтерде кез келген жерді кесіп өтпей, арнайы жаяу жүргіншілерге арналған жерлерден өтуге кеңес береді. Полицейлердің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.