Шымкенттік жігіт электромобиль құрастырып шығарады

119

Шымкентте электромобиль жасалатынын білесіз бе? Үшінші мегаполистің 27 жастағы тұрғыны қарапайым көлікті токпен жүретін электромобильге айналдырады. Қазір өнертапқыштың коллекциясында 7-ші көлік құрастырылып жатыр. Жанар май емес, ток көзін тұтынатын автокөлікті күніне бір мезгіл, шамамен 6-7 сағат қуаттайды.

27 жастағы Нұрсұлтан Сейсембаевты тұрғындар шымкенттік Илон Маск деп те атайды. Себебі, жас жігіт еліміздегі тұңғыш токпен жүретін көлік құрастырып шыққан. Бұған дейін шетелдердерде танымал болған электромобильді Нұрсұлтанмен бірге командасындағы 40-қа жуық адам жасап шығарады.

«Біз бұл көлікке 2 күнде конвертация жасағанбыз. Себебі бұл көлік күнделікті жүруге арналмаған. Біз бұны өзімізге тексеруге арнап жасадық. Ал клиенттерге өте мұқият қараймыз. Себебі оларға ыңғайлы болуы маңызды. Сол себепті басқа көліктерге көбірек уақыт кетеді. Басқа системаларын, қауіпсіздігін тексереміз. Ал конвертацияны екі күнде жасай аламыз. Бірақ тестілеу көп уақыт алады».

Электромобильді қыздырғанда және жүрген кезде мүлдем дыбысы шықпайды. Және басқа автокөліктерден ерекшелігі жылдамдығы да жоғары. Сондай-ақ, бұл көлікті күніне 6-7 сағат көлемінде үйдегі ток көзінде қуаттай алады.

«Басқа көліктерден көп айырмашылығы бар. Біріншіден, өзінің ескі моторын алып тастап, электро мотор қойғанбыз. Ал бұл батарейкалары, сол моторға қуат береді. Мұның өзінің қуаты 200-300 шақырымға жетеді. Үйде бір түнде қуаттай аласыз, ал жылдам қуаттағышпен жарты немесе бір сағатта қуаттауға болады», дейді өнертапқыш.

Өнертапқыштар 1 жыл уақыт ішінде 6 көлік жасап шығарған, ал қазір жетіншісі құрастырылып жатыр. Ал мұнда көліктің бір ғана емес, экономнан бастап, люкс-комфорт түрлеріне дейін бар. Дегенмен, мұндай көлікке қажетті құрал-сайманның 95 пайызы Қазақстаннан табылмайтын көрінеді.

Қарапайым автокөлікті электромобильге айналдыру үшін қажет уақыт көлемі – әртүрлі. Ол ең алдымен құрал-саймандарының табылуына байланысты. Мәселен, мына Форд автокөлігі 1 жылға жуық уақытта дайындалып шықса, ал мына көлік тек 2 күннің ішінде құрастырылып шыққан.

Мамандығы бойынша инженер-механик жігіт Англияда 6 жыл білім алып келген. Ал мұндай идея шамамен 1 жыл бұрын туындаған екен. Өнертапқыш басында аздап қорқыныщ болғанымен, тәуекелге бел бууға шешім қабылдадық дейді.

Нұрсұлтан Сейсембаев, өнертапқыш: «Біз үнемі осы автоиндустрия саласындағы жаңалықтары іздейміз, қараймыз. Біз бір-екі жыл бұрын көрген едік.  Әрине, ойлайсың, санайсың. Бірақ, біздің идеямыз, мақсатымыз мықты болады. Қазақта «көз қорқақ, қол батыр» дейді ғой, сол себепті біз көп ойланған жоқпыз,идея бар оны істеуге боады дедік те бастап кеттік».

Электромобильді бір рет қуаттағанда шамамен 200-300 шақырым жүруге болады. Ал көлікке орнатылатын мотор бағасы да әртүрлі көрінеді. Мәселен, моторды ауыстыру бағасының ең арзаны 4,5 млн. теңгеден басталады. Дегенмен, өнертапқыштар мұны құрал-сайманның елде жоқтығымен байланыстырады.

Нұрсұлтан Сейсембаев, өнертапқыш: «Бензинмен проблема жоқ, ток қой».

Нұрсұлтанның сөзінше бұл кәсіп алдағы 5-10 жылда жақсы дамиды. Себебі, әлемдегі белді автокөлік брендтері толықтай электромоторға ауысып жатыр. Ал өнертапқыштар болса, қазақстандық азаматтар да артық шығындалмай, электромобильге ауысса екен дейді. Дегенмен, сөздерінше бұл саланы ары қарай дамытуға мемлекеттен немесе демеушілерден қолдау қажет.