Шымкенттік инженерлер элекромобиль прототипін құрастырды

Үшінші мегаполис инженерлері бірнеше жылдан бері автокөліктерді электромобильге айналдырып келеді. Бүгінде өнертапқыштар экологиялық көліктің жаңа үлгісін өздері құрастырып шықты. Тіпті көліктердің бірін Африкаға экспорттауға дайын. 

Шымкенттік инженерлер Қазақстандағы алғашқы электрмобиль прототипін жасап шығарды. Отандық көлік 6-7 секунд ішінде сағатына 100 км-ге дейін жылдамдығын арттыра алады. Kemet Automotive аталатын электрокарды 1 жылға жуық уақыт ішінде 15-ке жуық адам жинап шығарды. Көліктің ерекшелігі – экологиялық таза, стильді, ыңғайлы және ең бастысы дыбыссыз.

Ерлан Рахматуллаев, бас инженер: «Пуш-start қойылған, басса машина от алады. Мына жақта бізде барлығы көрсетілуде. Мысалы қазір тұрақта тұр. Зарядтың проценті, спидометр барлығын көрсетеді».

Электромобиль дизайнын жергілікті инженерлердің өздері ойлап тапқан. Ал көлікке қажетті қосалқы бөлшектерді елдің түкпір-түкпірінен, тіпті кейбірін шетелден тапсырыс беріп алдырыпты. Ал табылмаған бөлшектерді өздері қолдан жасап шығарған. Электрокар бір түнде толық қуатталады. Ал көліктің қуаты 300-350 шақырым жол жүруге жетеді.

«Мына қорабын бәрін өзіміз жасадық. Бұл жерде әртүрлі машинадан алынған. Мысалы, мына магнитола – базарларда сатылатын магнитола Инфинити машинасынан. Қалғандарын, көп нәрсесі өзіміздің қолдан жасалған. Монитордың программасын өзіміз жасадық. Бұрылыс, драйв барлығын көрсетіп тұрады. Бәрі цифрлық программа, өзіміз жасағанбыз. Руль бізде Шевролет, ходовкасы БМВ, тағы бір-екі машинадан алынған» – дейді инженер Ерлан Рахматуллаев.

Инженерлер көліктің прототипін сенегалдық компанияға арналып дайындаған. Жалпы электромобильге шетелдік кәсіпкерлер көптеп қызығушылық танытуда. Шымкенттік құрастырушылар мұнымен тоқтап қалмай, көлікті өзге де елдерге шығаруға ниетті. Айта кетейік, көліктің жалпы қуаты 400кв – ал қарапайым тілмен айтқанда шамамен 600 аттың күші бар.

Бүгінде автомобиль шеберханасында инженерлер қарапайым көліктерді электромобильге айналдырады. Шымкенттік Илон Маск атанған Нұрсұлтан Сейсембаев экологиялық таза автокөліктердің санын көбейтуді армандайды.

Өнертапқыштар қазақстандық азаматтар артық шығындалмай, электромобильге ауысса екен дейді. Дегенмен, сөздерінше бұл саланы ары қарай дамытуға мемлекеттен немесе демеушілерден қолдау қажет.