Жап — жаңа тұрғын үйдің коммуналдық жүйелері іске қосылмаған. Осылай деген Тұран шағынауданының тұрғындары, аймақтағы шешімін таппаған бірқатар проблемаларды айтып шағымданды. 1 ай бұрын пайдалануға берілген үй иелерінің уәжін арна тілшісі тыңдап қайтқан болатын.
«Жаңа үйге көшіп, жанымыз жайланғанда, басымыз мәселеден арылмай-ақ қойды» дейді тұрғын үй иелері. Бұл Тұран ықшамауданындағы тұрғын үй осыдан 1 ай бұрын ғана пайдалануға берілген. Алайда мұнда әлі инфрақұрылым жүйелері іске қосылмаған. Сондықтан да әлеуметтік негізде жалдамалы пәтерге қолы жеткен тұрғындар жаңа үйдің шапағатын әлі көре алмай отырмыз дейді.
Марат Ишанғалиев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ең басты мәселе бізде мына көше. Бізде жаңа үй болған соң бала-шаға көп. Ертең сабақ басталады. Сол кезде балаларымыз жолдан өту үшін ең болмаса уақытша белгі қойып берсе екен. Әйтпесе ертең мына жолдан өтіп бара жатып, біреудің баласын қағып кетсе бәрі көтеріледі».
Мұнда халық толық қоныстанып үлгергенімен көшелерге жаяу жүргіншілерге арналған жолақ орнатылмаған. Сол себепті тұрғандар баласын көшеде көлік қағып кете ме деп алаңдайды. Ал жауапты мекеме жоспар бойынша бұл аймақтың жиек жолы келесі жылға қалғанын айтады.
Тимур Оспанов, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Қазір осы жақтағы көшенің бәріне құрылыс жүріп жатыр. Бұл 7 көше деп аталады. Мұнда көбіне жекеменшік жерлер. Оларды корректировка жасап жатырмыз. Проектке өзгеріс еніп жатыр. Жаяу жүргінші жолағы бәрі қаралған, негізі жұмыс жүреді. бірақ құркүйекке дейін жасап береміз деп уәде бере алмаймын».
Бұдан өзге аймақта қордаланған мәселесі жетерлік. Келгеніне айдан асқан халық көгілдір отынды қашан қосады деп күтумен отыр. Себебі алда күз. Жылу маусымы басталады. Бірақ газ тұрғын үйге халық 80 пайыз қоныстанбайынша қосылмайтын көрінеді.
Барно Бекметова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бізде тағы бір мәселе газ. Мұнда 70 пайыз ба сондай халық келсе газды береміз дейді. бірақ үй берілгенмен, көбісі әлі көшіп келмеген».
Марат Ишанғалиев, Шымкент қаласының тұрғыны: «1 үй әлі құлыппен тұр, бізде жылу автономды. Бізге халық 80 пайыз қоныстанғанша жаурап отыра береміз бе. Міне күнде суытып келеді».
Ал жарықтың жөні бір бөлек. Мұндағы тұрғындар құжаттарын арқалап әлі күнге дербес шотын ала алмай жүр. Себеп әлі бұл көпқабатты үй жобаға енбеген деп жауапты мекеме қабылдамай қойған.
Әсия, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бізге тұрғын үй бүйтіп айтты. Құжаттарды ала кел деген. Алып бардым мен. 11 шағынауданға бардым. Барып тапсырып келдім. Бұл үй бізге әлі өткен жоқ деді. Қайтарып жіберді. Сонда біз қайда барамыз?».
Ал тұрғындар уәжін тыңдаған Қаратау ауданының әкімі алдағы уақытта барлық мәселе шешілетінін айтты.
Рақымберді Мүлкеманов, Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі: «80 пайыз халық жиналға газ бәрі жәймен қойылады. Бәрі шешіледі. Жарық, светофор, газ бәрі жоспарда бар».
Құзырлы органдар тұрғындардың жол құрылысы, автобус тұрақтары жайындағы барлық мәселесін шешуге уәде берді. Тек келер жылға дейін күту керек. Айтпақшы, түсірілім барысында мұндағы көшенің жарықшамдары қосылды.
Әсел Мәлік