Түркістанда 14 жастағы қызды екі ер адам зорлаған

82
фото vikitiki.ru

Түркістан облысында екі ер адам 14 жастағы қызды зорлаған. Бұл туралы Бәйдібек ауданы, Боралды ауылының тұрғындары «НеМолчи.KZ» қорына хабарлаған. Ауыл халқының айтуынша, іске күдікті екі азамат жәбірленушінің анасымен сөз байласып отырған көрінеді.

Түркістан облысында жантүршігерлік қылмыс орын алды. Бейнежазбаны Бәйдібек ауданы, Боралды аулының халқы жолдаған. Кадрда 14 жасар қыз өзін екі ер адам зорлағанын айтады. Көршілерінің айтуынша, қыздың анасы ащы суға әуес көрінеді. Ал ауыл тұрғындары арсыз әрекетке барғандар жасөспірімнің анасымен келісіп, полицияға арызданудан бас тартқан болуы мүмкін дейді.

Дина Тәңсәрі, «НеМолчи.KZ» қорының жетекшісі: «Азаматша қызды тауып, камерасын қосып сұрақтарын қоя бастайды. Ал кішкентай қыз барлығын өзі көрсетеді. Әрине, видеодан қыздың психологиялық ауытқуы бар екені байқалады. Әрі ол 14 жастағы қызға ұқсамайды. Шамамен 10 жасар секілді. Ол барлығын көрсете бастайды. Тіпті, киімін шешіп көрсетпек болады. Бірақ видео түсіріп тұрған әйел «шешпе, тек көрсет» деп айтады. Ал ер адамдар мұның психикалық жағдайын пайдаланып, зорлаған көрінеді. Бұл мүлде ақылға сыймайды. Хабарлаған әйелдің айтуынша, зорлағандар шашына ақ кірген егде жастағы ер азаматтар».

Түркістан облысының полицейлері бұл істі «жас балаларды азғындық жолға түсіру» бабы бойынша қозғалғанын хабарлады. Арызды Нұр-Сұлтан қаласының қамқор тұрғыны жазған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

«Бұл факті бойынша ағымдағы жылдың 20 тамызында полицияға Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны екі ер адамның кәмелетке толмаған қызға қатысты әдепсіз әрекеттер жасағаны туралы арызданғанын хабарлаймыз. Дәл сол күні аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабының бірінші бөлігі «Жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау» бойынша Бәйдібек аудандық полиция басқармасында тіркелді. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады»,-дейді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.

Қоғам белсенділері істі жеке бақылауға алуды сұрап, облыстық прокуратураға, Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне және ҚР Ішкі істер министрлігіне жүгінген.