Ынтымақ-2 шағынауданына инфрақұрылым жүйесі тартылып жатыр

54

Мегаполис басшысы Ынтымақ-2 шағын ауданы тұрғындарымен кездесіп, құрылыс нысандарын аралады. Аймақта 2 071 тұрғын үй орналасқан. Қазір онда газ, су, жол, электр жүйесі бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 шағынауданы қаланың шеткі бөлігінде орналасқан. аталмыш шағынауданның Батыс бөлігінде 2 071 үй бар. Мұнда инфрақұрылыммен қамту мәселесі өзекті болып келген болатын. Шағынаудан тұрғындары өздерінің өзекті мәселелерін айтып, жауапты органдарға қаншама рет өтініш жасаған болатын. Ақыры нәтижеге қол жеткізді. Бүгінгі таңда дәл осы аумақта газ, су, жол, жарықтың жырын шешу үшін құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала басшысы М.Әйтенов аталған шағынауданға барып, нысандар құрылыс сапасын тексерді, тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады.

Жарық орнату бойынша «Туран Энерго групп» ЖШС, ал газ құбырларын тартумен “Энерго ресурс Шымкентгаз» ЖШС-і айналысуда. Екі нысанның да құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, мұнда көшелерді асфальттау  мәселесі де өзекті. Тұрғындар тас жолдан шаршадық деп шағым айтқан болатын. Бұл мәселе де шешімін тапты. Асфальттау жұмыстары 2023 жылдан бастап жүзеге асырылмақ. Елді мекендегі 22 көшенің төртеуі ғана асфальтталған. Енді тас төселген 15 көше және 3 топырақ жол асфальтталатын болады.
Шағынауданда 1 мектеп, 3 балабақша бар. Тұрғындардың көптеп қоныстануына байланысты мектеп тапшылығы туындап отыр. Аталған мәселені шешу үшін Батыс бөлігіне 900 орынды мектеп салуға 2,46 га жер телімінің құжаты рәсімделіп, қазір жобалық-сметалық құжаты әзірленуде.
Кездесу барысында шешімін тапқан мәселелер үшін алғысын білдірген тұрғындар, арыз-шағымдарын шаhар басшысына жеткізді.
«Заманауи инфрақұрылыммен шағынауданды қамту үшін бұрын тұрғындардың өтінішін айтып бармаған жеріміз қалмайтын. Нәтижесін де көрмедік. 2020 жылдан бері өзіңізбен жиі кездесіп, өтініштеріміз орындалып жатыр, енді жолымыз асфальтталып, сапалы электр энергиясын тұтынатын күн де алыс емес деп ойлаймын»,-деді ауыл биі Ә. Балғабайұлы.
Шағынаудан тұрғындары мәселелерінің түйіні тарқатылғаны үшін Шымшаһар басшысына алғыстарын жеткізді. Өз кезегінде қала әкімі басқа да тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.