Úı ANONS Шымкент газбен 97,4 пайызға қамтылды

Шымкент газбен 97,4 пайызға қамтылды

Шымкентте газдандыру жұмыстары 97,4 пайызды құрайды. Бұл туралы қоғамдық кеңестің кезекті жиынында мәлім болды. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының айтуынша, биыл халықты көгілдір газбен қамту мақсатында 8 нысанның құрылысы жүргізілді. Қазіргі таңда, бірқатар ауыл аймақтар газбен қамтылды. Ал екі нысан ендігі жылға өтпелі. Тындырымды тірліктер болса да, шешілмейтін мәселе жоқ емес.

Үшінші мегаполис тұрғындарын көгілдір газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алайда, кейбір жеке инвесторлардың бастамасымен газдандырылған аумақтарда проблемалар бар дейді қоғамдық кеңес мүшелері. Мәселен, бір ғана ШРП-ға 50 отбасы қосылу керек болса, 100 -ден аса отбасы газ алып отыр. Бұл қыс ауасында қысымның төмендеуіне сеп болады.

НҮРИЛА ЖҰМАНОВА, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ: «Мемлекеттікке өткізуге құзыреттеріңіз бар ма? Газ құбырын. Себебі бір ШРП-ға 50 отбасы кіру керек десе, бір ШРП-ға 150 отбасы кіріп отыр».

РЗАБЕК МЕҢДІҚҰЛОВ, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Өте маңызды сұрақ. Бұрын жеке инвестор 100 адамға техусловия алған. Бірақ ары қарай тұрғындар келе берді. Газ сұрайды. 200 адамға жетеді. Бәрінен ақша ала береді. Сол себептен қыстың күні тұрғындарға газ жетпейді. Айтпайды проблемасын».

БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Қоғамдық мүшесі де барады. Инвесторды шақырайық. Жоқ болса, үкіметке өткізу бойынша ма қарайық. Сіз қазір оған жауап бере алмайсыз».

Осылай деген қоғамдық кеңес мүшелері қойған сұрақтарына мардымды жауап ала алмады. Алдағы уақытта комиссиямен арнайы қарауға келісті. Бұдан бөлек жиында мемлекеттік сатып алу, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының өкілдері есеп берді. Олар да биылға атқарған жұмыстарын тізбектеп, көптің сауалдарына жауап берді.

Нұргүл Жолымбетова