Д.Сатыбалды қоқыс шашылып жатқан аудан әкімдерін сынға алды

38

Түркістанда ғарыштан түсірілім жасау арқылы 400-ден астам қоқыс орны анықталды. Олардың 100-ден астамы қараусыз жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды апталық аппарат отырысында тұрмыстық қалдық тастайтын полигондары қараусыз қалған аудан, қала басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. Тазалықты қамтамасыз ете алмай отырған шенеуніктер облыс басшысынан ескерту алды.

«Қоқыс тазалай алмайтын әкімнің қажеті жоқ». Түркістан облысының басшысы Дархан Сатыбалды тазалықты қамтамасыз ете алмай отырған аудан, қала әкімдерін қатаң сынға алды. Мәселені бюджетке бұрып отыру-ақылға қонымсыз деген шенеунік бар міндет әкімдердің мойнында екенін ескертті.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Күл-қоқысты тазалай алмаған әкімнің басқа тірлігі туралы айтудың өзі артық. Тазалық – табалдырықтан басталады. Айналамызды таза ұстау өзі қолымызда. Мәселені бюджетке бұрып қойып, отыру – ақылға қонымсыз. Бұл тірлік – тікелей өз міндеттеріңіз. Тазалықты ретке келтіре алмай отырған әкімдерге шара қолданылсын. Егер қоқыс тазалай алмайтын әкім болса, бізге ондай әкім керек емес».

Бүгінде күнгей өңірге тиісті тұрмыстық қатты қоқыс шығаратын 158 полигон орындары белгіленіп, құжаттандырылған. Алайда олардың басым бөлігі санитарлық талаптарға сай келмейді. Яғни, полигондар қоршаумен жабдықталмаған, көлік дөңгелектерін дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісі жоқ, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қойылмаған және көгалдандырылмаған. Бұл түсіндірме жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмегенін көрсетеді дейді жауаптылар.

Қайрат Әбдуәлиев, Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «Халық арасында түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде болмағандықтан ауыл- аймақтарда күл-қоқыстарды кез келген жерге тастап кету фактілері жыл сайын көбейіп келеді. Осы бағытта кемшілікті жою мақсатында жыл басында жұмысшы топ құрылып, аудан, қала аумақтарын аралап, бей-берекет қоқыс орындарын жою бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі де артып келеді».

Полигон мәселесін түпкілікті шешу мақсатында Қазығұртта – төрт, Созақта бір қоқыс алаңының құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізілген. Ал Созақ пен Ордабасы аудандарында 8 полигон салу жоспарда бар.

Сонымен қатар Кентау, Арыс қаласы мен Қазығұрт, Бәйдібек, Келес және басқа аудандарда 37 полигонның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға полигондардың сапасын арттырып, ережеге сай көгалдандыру жұмыстарын жүргізу қажет екенін жеткізді.