Кіші Аралды сақтап қалу жобасына биыл мемлекеттен 500 млн. теңге бөлінген

23

Қызылорда облысындағы Арал теңізін екіге бөліп тұрған «Көкарал» бөгетінің сызат түскен аумағы қайта нығайтылып жатыр. Кіші Аралды сақтап қалу жобасына биыл мемлекеттен 500 миллион теңге бөлінген.

Жалпы ғасыр құрылысы атанған бөгеттің 200 метрден астам жерін су шайып, Кіші Аралдан айырылып қалу қаупі төнген еді. Нығайту жұмыстары дер кезінде қолға алынды деп отыр мамандар. Теңізді өлкеде өткен балықшылар слетінде сондай-ақ, Арал мәселесі мен балық шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жобалар талқыланды.

Себебі, бүгінде ауданда 700-ден аса адам теңізден нәпақасын тауып отыр. 10 балық зауыты жұмыс істейді. Қазіргі таңда ғалымдар Кіші Аралда жойылып кеткен су маржандарын қайта көбейту бағытында еңбек етуде.

Майра Телағысқызы, ғылыми қызметкер: «Бұрынғы біздің Аралдың ең қымбат қаяз балығын теңізге қайтадан жер сіңдіруге болады. Себебі, біздің Кіші Аралымыз қайтадан толып, өз қалпына келді. Тұздылығы да қолайлы. Сондықтан, сол бағытта біз жұмыс атқарып жатырмыз».