Отырар ауданында жабық спорт кешені ашылды

Отырар ауданындағы Мөлке Шойманов ауылында жабық спорт кешені ашылды.

Кешеннің бой көтеруіне жеке кәсіпкер ұйытқы болған. Заманауи спорт нысанының ашылу салтанатына Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов, аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов және бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсімнен соң, жаңа кешенде шағын футболдан жастар арасында ұйымдастырылған «Отырар лигасының» қорытынды ойыны өтті. Сайыста шебер ойын өрнегін көрсеткен спортшылар алғыс хатпен марапатталып, оларға медаль мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.