Шымкенттік спортшылар әйелдер арасында өткен футболдан Қазақстан чемпионатында 11-ші рет жеңіске жетті. Кезекті рет қала мәртебесін асқақтатқан жеңімпаздарды Республика күні қарсаңында өңір басшысы салтанатты түрде марапаттады. Ел мақтанышы саналатын команданың жеңісі мен жетістігі талайға үлгі боларлық.
Үшінші мегаполистік «Шымкент» командасы әйелдер арасындағы футболдан 11 дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Қала мақтаныштары Көкшетеу қаласында өткен финалдық ойында 2 кездесудің бірінде тең түсіп, екіншісінде жеңіске жеткен. Осылайша команда қоржыны тағы да бір жеңіспен толықты.
Мадина Жаңатаева, футболшы: «Қазақстан чемпионатына қатысып, жеңімпаз атандық. Жарыс барысында 2 әйелдер командасымен жарыстық. Олардың бірінде тең түссек, екіншісінде таза жеңіске жеттік. Осымен бірнеше рет жеңімпаз атанып отырмыз. Біз жеңісімізге өте қуаныштымыз. Бұнымен тоқтап қалмаймыз. Тыңғылықты дайындалып, алдағы уақытта да жеңістерден көрінеміз деп ойлаймын».
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов пен қала басшысы Мұрат Әйтенов Шымкенттің атын республика көлемінде ғана емес, әлемдік аренада шығарып жүрген фулболшы аруларға алғысын жеткізіп, салтанатты түрде Қазақстан чемпионатының кубогын табыс етті.
«Шымкент» футбол құрамасы Қазақстан чемпионатының 18 турында да айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Жеңісіне дән риза қыздар алдағы уақытта еліміздің туын биікке көтеріп, қаламыздың атын шығаруға уәде берді.
Айта кетейік, жеңімпаз қыздар УЕФА чемпиондар Лигасының 1\8 финалында 3 рет өнер көрсетіп, Еуропаның үздік 20 командасының қатарына енген.
Спорт саласын дамытуға барынша көңіл бөлу қажеттігі туралы Мемлекет басшысы тапсырма берген болатын. Бүгінде Шымкент қаласында спорттың барлық түрінен нәтижелі жетістіктер жетерлік.