Шымкент: Ұ. Арғынбеков көшесі 30 қазан күні көлік қозғалысына ашылады

204

 

Шымкенттегі Ұ. Арғынбеков көшесі көлік қозғалысына 30 қазаннан бастап ашылады. Жергілікті билік өкілдерінің Бәйдібек би даңғылы мен Ұ. Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайырық құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жалпы, үш деңгейлі жолайырық 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл аталған көшелерде көлік кептелісін болдырмауға зор септігін тигізеді дейді жауаптылар.

Жұмыс барысының кезеңдік кестелерге сәйкестігі мен сапасын тексеру мақсатында шаhар басшысы Мұрат Әйтенов құрылыс нысанын аралады. Бірқатар ескертулер жасап, ел игілігіне берілетін нысан сапасының маңыздылығын атап өтті.

 

Жолайарықтың техникалық сипаттамасына сәйкес, Бәйдібек би даңғылында 700 м, Ұ. Арғынбеков көшесінде 921 м. көше аралығында құрылыс жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер жолағы және веложол төселеді деген жоспар бар.

Қазіргі уақытта Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелінің конструкциялары орнатылуда.

Естеріңізге сала кетейік, жолайырықтың Бәйдібек би даңғылы бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған еді. Ал тамыз айының 31 күні көлік кептелісін азайту мақсатында бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша қайта ашылды.

Дәл осы көше қиылысында көлік кептелісі жиі орын алатындықтан қала тұрғындары осы тығырықтан шығу жолдарын айтып мәселе көтерген болатын. Жергілікті билік қала тұрғындарының өтінішін негізге ала отырып, аталған бағытта жұмыс атқарып жатыр.

Ұ. Арғынбеков көшесі қазан айының 30-нан бастап көлік қозғалысына ашылады деп жоспарланып отыр.