Шымкентте биыл 102 көшеге жарықшам орнатылады

43

Шымкентте 747 әлеуметтік маңыздылыққа ие көше бар. Оның жалпы ұзындығы 1 758 шақырымды құрайды.

Биыл соның ішінде 102 көшеге мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жарықшамдар орнату жоспарланған. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Айта кетейік өткен жылы қаламыздағы 106 көше бойына шамдар орнатылған еді. Ал жарықтандыру көрсеткіші 43%-ды құраған.

Биылғы жоспар орындалса жарықпен қамтылған көшелер саны 324-ке жетеді. Сонымен қатар 2025 жылға дейін оның көлемін 75%-ға жеткізу көзделген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен қалаларда тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі «Шымкент қаласын жарықтандырудың құрылысын салу, қайта құру және пайдалану» жобасын әзірлеген болатын.

Аталмыш жоба нәтижелі жүзеге асырылды. Жобаның аясында өткен жылы Шымкентте 136 көше жарықтандырылды. Тек қала орталығындағы көшелер ғана емес, шалғай шеттегі шағынаудандардағы көшелерде де самаладай жарыққа қарық боп қалды.

Атап айтқанда Нұртас шағынауданындағы Гүлдала, Жоламан, Ағайынды Тәжібаевтар, Сыздықов, Егемен ел, Қазына, Әлмахан қажы және Жабай ата, Аргоферма Қарасу, Ақсуат секілді көшелері бар.

Бүгінде ескі жарықшамдар келмеске кеткен. Олардың орнына заманауи LED шамдармен алмастырылды. Бұл өз кезегінде жарықты үнемдеуге де сеп болмақ. 30-дан аса көшедегі ескі жарық шамдар жаңасымен алмастырылды. Тек шалғай шеттегі шағынаудандар да ғана емес орталық көшелерде де алмастырылды. Оның ішінде Темірлан тасжолы мен Ю.Гагарин, Түркістан, Төле би сынды орталық көшелер де бар.

Жарықтандыру жұмыстары биыл да жалғасын табуда. Жыл басында 102 көше жарықтандырылады деп жоспарланған. Жалпы былтыр орталық маңызы бар 747 көшенің 356-сы жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызды құраған-ды. Биыл атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде Шымкенттегі жарықтандырылған көшелердің саны 458-ге жетіп, қамту көрсеткіші 61,3 пайызға жетеді деп күтілуде. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы тағы 106 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 70 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр.

Бүгінде Шымкент қаласындағы барлық жарықтандыру желілерінің барлығы да  автоматтандырылған. Ескі жүйемен емес, жаңа жүйемен жұмыс істейді. Автоматтандырылған  басқару жүйесінің тиімділіг көп. Мәселен, диспетчерлік орталық арқылы қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғанын, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққанын көрсетіп тұрады. Бұл дер кезінде істен шыққан жарықшамдарды ауыстыруға септеседі. Заманауи жүйеге әзірге 40 көше қосылған. Жыл соңына дейін 100 көше қосылады деп жоспарланып отыр.