Шымкентте су жаңа гүлзар пайдалануға берілді

86

Шымкентте Республика күніне орай тағы бір гүлзар ашылды. Мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов су жаңа гүлзардың ашылу рәсіміне арнайы қатысып, нысанды ел игілігіне тапсырды. Қала орталығынан демалыс орны ашылғанына халық та дән риза. Айта кетейік, ерекше дизайнмен өрнектелген гүлзар демеушілер есебінен салынды.

Шымкентте Қазыбек би мен І. Есенберлин көшелерінің қиылысында су жаңа гүлзар бой көтерді. Ерекше дизайнмен өрнектелген демалыс орнын Республика күні қарсаңында мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов ашып, ел игілігіне тапсырды. Әрі, демалыс орынына ағаш отырғызды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Қаламызда үлкен гүлзар құрылысы аяқталып отыр. Оның бәріне үлес қосқан «Ержи» компаниясы. Мердігерлер қаламызға сыйлық ретінде осы күнге туралап гүлзарды салып отыр. Ең бастысы, бұл жомарттық, азаматтық үшін компанияға алғысымды айтамын. Осылай барлығы қалаға көмек беріп жатса, бұл да үлкен көмек».

Гүлзарда орындықтар, қоқыс жәшіктері, арнайы ағаштан жасалған шатыр, селфи аймағы, әткеншектер мен стилді жарықшамдар орнатылған. Ал тақтатастар фортепиано пернелері іспеттес төселген. Жалпы гүлзар демеушісі Еуразиялық топ Шымкент қаласы әкімдігімен өзара мемарандумға қол қойған екен. Үнемі қаланың гүлденуіне үлес қосуға дайынбыз деген компания өкілдері, бұған дейін де бірнеше шараларда қаржылай көмек көрсеттік дейді.

Талғат Қалдыкөзов, демеуші: «Еуразиялық топ көмек біраз көмегін көрсетіп жатыр. Оған дейін 4 микроавтобус берді балаларды тасу үшін. Спорттық алаңдар салып жатырмыз. Ал бүгін гүлзарда ашып жатырмыз. Тұрғындардың барлығын мерекемен құттықтаймыз. Республика күні құтты болсын. Денсаулық тілейміз барлығыңызға».

Мегаполистің орталығында салынған гүлзар ашылуын тамашалауға қала тұрғындары да келді. Ш. Қалдаяқов атындағы филармония мен А. Пушкин атындағы кітапханаға жақын орналасқан бұл демалыс орны көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе, осы маңда қоныстанған тұрғындар риза.

Мұқан Омаров, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қала өсіп, көркейіп жатыр. Керемет. Ризамыз барлығына. Мына бүгінгі гүлзар да  ерекше екен. Осылай шаһарымыз гүлдене берсін».

«Біз бірнеше жылдан бері осы гүлзар салу мәселесін көтеріп келе жатқан едік. Міне, бүгін сол проблемамаыз шешіліп, біздің шағынауданда әдемі гүлзар бой көтеріп отыр. Расында, өте әдемі. Қала көркін одан да аша түсті. Бұған тек осы көпқабатты тұрғын үй халқы ғана емес, барша мегаполис тұрғындары келіп демалса болады. Сіздерге көп-көп рақмет. Бұл өте керемет шешім болды»,- дейді қала тұрғыны.

Айта кетейік, жаңа гүлзар орнында бұрын “адвокаттар алқасының” ғимараты бар еді. Айтулы мекеме өртеніп кеткен соң барлығы сүріліп, орын тұрғындар демалатын аймаққа айналды.