Шымкентте ұстаздар мерекесі атап өтілді

115

Шымкентте қалалық “Опера және балет” театрында ұстаздар күні қарсаңында мерекелік кеш өтті. Шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп келе жатқан және қоғамға елеулі үлес қосып жүрген мұғалімдерді кәсіби мейрамымыен құттықтап, салтанатты түрде марапат табыстады.

“Әрбір ұстаз құрмет пен мемлекеттік наградаға лайықты”. Осылай деген шаһар басшысы шәкірт тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет екенін тілге тиек етті.

“Сіздер балаларға өмір бойы өздерімен бірге алып жүретін, болашағын және шынайы өмір жолына қажетті баға жетпес байлық – білім бересіздер. Сонымен бірге, қаламыздың абыройын асқақтатып отырсыздар. Сіздердің арқаларыңызда Шымкент қаласының оқушылары халықаралық және республикалық пәндік білім сайыстарынан 10 алтын, 17 күміс, 33 қола жүлдені жеңіп алды. 200-ден астам оқушы жүлделі орындарды иеленді. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында алда талай Елін сүйетін, білімді жас ортаға қосыларына кәміл сенеміз”,-деді Мұрат Әйтенов.

Білім саласы – негізгі жүйе құраушы сала. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттырып, болашақ ұрпақтың еш қиындықсыз оқуына жағдай жасау қажет екенін айтқан еді. Қазір мегаполистегі 871 білім беру ұйымында 440 мыңға жуық тәрбиеленуші, оқушы мен студент оқиды. Бұл – әрбір үшінші шымкенттіктің осы жүйеге қатысы бар деген сөз.

Жалпы қазір қала бойынша 31 800 педагог бар. Ал мектептерде 22 112 ұстаз жұмыс істейді.

Қазіргі таңда кадрлық әлеуетті дамыту бойынша мұғалімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен жоғарылап жатыр. Сонымен қатар өзіне тән емес функциялар мен тексерулерден босату бойынша шаралар қабылданды. Және біліктілік арттыру курстарынан өткізіліп, шеберлік деңгейі бар педагогтар үлесі артып жатыр.

Педагогтарға өрлеу мен өсу тілеген қала әкімі Мұрат Әйтенов салтанатты жиында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Бейсенбаева Шолпан Асылбекқызын, “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен №28 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры, ағылшын тілі пәні мұғалімі Құрманбекова Қарлығаш Жаркынбекқызын марапаттады.

Бірнеше ұстазға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің “Құрмет Грамотасы” мен алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар әрбір ұстазға шаһар басшысының ықылас гүлі тарту етілді.

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.