«Таза қала» науқанының қорытынды комиссия отырысы өтті

Шымкентте «Таза қала» науқанының қорытынды комиссия отырысы өтті. Енді комиссия шешімімен 4 аудан арасында 5 номинация бойынша жеңімпаздар анықталады.

Жалпы биыл акцияға қатысу үшін мыңнан аса үміткер, өтінім білдірген. Олар «Үздік аула, көше, үй, аула тазалаушы және тұрғын үй алабы» номинациялары бойынша қатысады. 2012 жылы бастау алған науқан биыл 10-шы жыл қатарынан өткізіліп отыр. Жеңімпаздарға бұған дейін техника сыйға беріліп келсе, биыл сыйлық қаржылай үлестіреді.

Сонымен қатар, 2022 жылы байқауға өзгеріс енгізілген – яғни, бұған дейін жеңімпаз қала көлемінде анықталса, енді әр ауданның атаулы 5 номинация бойынша өз жеңімпазы болады.

Жалпы акцияға 4 миллион 300 мың теңге қаржы бөлінген. Ал, оның 4 миллион теңгесі – жүлде қоры.

Юсуп Арзыханов, Шымкент қаласы азаматтық альянсының атқарушы директоры: «Өткен жылы 1120 адам қатысқан, оның ішінде 96-сы өзінің сыйлықтарын алды. Биыл саны қысқарады, 36 орын болады. Тапсырыс берушінің талабы бойынша осы жылға 1000 өтінім болуы керек бүкіл қала бойынша. Ал бізде жыл сайын 1100-1200 өтінім келеді. Өткен жылы 2000 тал егілді».