Түркістандық кәсіпкерлер бизнес-омбудсменге қандай шағым айтты?

33

Түркістан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов және «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров келді.

Өңірлік кеңес төрағаларының, облыстық прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, МКД, кәсіпкерлік басқармасы өкілдерінің қатысуымен өткен бизнес-омбудсменмен кездесуде облыс кәсіпкерлері өздерінің өзекті мәселелерімен бөлісті.

Атап айтқанда, «Сарыағаш-құс» ЖШС директорының орынбасары Ә.Талман санитарлық-қорғау аймағын белгілеу мәселесіне қатысты жүгінді.

Қазіргі уақытта, ЖАО құс фабрикасына жақын орналасқан жер учаскелерін тұрғын үй салу үшін беріп жатыр. Тиісінше, серіктестік жағымсыз салдарлардың және эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу мақсатында алаңдаушылық танытып отыр, өйткені жергілікті билік эпидемиологиялық қауіпті ескермей, жеке тұрғынүй құрылысы үшін 500 м радиуста жер учаскелерін беріп жатыр.

«Жеке тұрғынүй құрылысы үшін жер қалай беріледі? Бұл мақсатта қанша учаске берілді? Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қалай беріледі? Ауыл шаруашылығына қанша жер берілді? Жергілікті атқарушы органдардың нақты қаулысы бар ма? СЭС не дейді? Неліктен ол аумаққа кірді? Прокуратура тексеру мен талдау жүргізді ме?», – Ербол Өстеміров осы сұрақтарды қойды.

«Нұрлы» ШҚ төрағасы А.Нұрлыбаев Қазығұрт ауданы әкімдігінің қаулысымен оның жер учаскелерін жайылымдық жерлерді кеңейту және халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет мұқтажы үшін алып қойғанын айтты.

«Түркістан облысы бойынша жерге қатысты мәселе көп. Президент пайдаланыстағы жерлерді алып қойып, жұмыс істеп тұрған кәсіптен жерді тартып алу керек деген жоқ қой. Сотқа дейін жеткізудің қажеті жоқ. Бұл ешкімге қажет емес. Әкімдікке, Жер қатынастары басқармасына, «Атамекен» ҰКП-не бірлесіп, іс-қимыл алгоритмін құру қажет. Егер жер заң бойынша игерілсе, бизнестен жерді алып қоюдың қажеті жоқ. Түркістан облысындағы басты мәселе осы. Мәселе талдаудың қалай жүргізілетінінде болып тұр. Бұл өте маңызды», – деді Рустам Жүрсінов.

«Болашақ» ШҚ төрағасы балық шаруашылығын субсидиялау туралы мәселені көтерді. Өз проблемасын ортаға салған кәсіпкер облыстық бюджеттен осы мақсат үшін қаражат бөлуге жәрдем көрсетуді сұрады.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер Жетісай ауданында 210 тік дренаждық ұңғымаларды реконструкциялау мәселесін көтерді, олар бойынша «Жер-Ана» ЖШС тарапынан жобалық жұмыстардың аяқталуына қарамастан, мемлекеттік сараптама жүргізілмеген. Бұл жобаны бастапқыда Ислам даму банкінің несиесі есебінен қаржыландыру жоспарланған болатын. Бұл банк 23 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлсе, оның 10 миллионы жобалау жұмыстарына. Мәселе мемлекеттік сараптамада оң шешілген жағдайда, 2022 жылдың IV тоқсанында құрылыс жұмыстары басталуы тиіс еді.

«Бұл үлкен қаржыны бөлу мәселесі. Сондықтан бұл қаражатты ұрлау фактілері болмауы үшін аталған мәселемен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет айналысуы керек деп есептеймін.», – деді Ербол Үстеміров.

Кездесуде Artsport бағдарламасы аясында Түркістан облысы бойынша шығармашылық және спорт үйірмелерін қаржыландыру, Түркістан қаласында қолөнершілер орталығының болмауы, ЖАО-ның мектепке дейінгі жеке ұйымдар алдындағы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру бойынша жүйелі берешегі талқылау туралы және тағы да басқа мәселелер көтерілді.

Бизнес-омбудсмен Түркістан облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік органдармен бірлесіп, көтерілген проблемалардың шешімін бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ, бизнес-омбудсмен облыс прокуроры Марат Әлихановпен, облыстық соттың төрағасы Тұрысбек Миятбековпен, Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Қанат Қожахметовпен және облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесті. Жергілікті бизнестің барлық мәселелері өңірдің мемлекеттік органдарының басшыларымен кездесуде айтылды.