10 адамды алдап соққан бойжеткен қамауға алынды

33

Түркістанда алаяқтық қылмысының 10 жайтына қайтысы бар деген күдікпен бойжеткен ұсталды. Арыс аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғынның айтуынша, оған таныс әйел кәсіпкерлік үшін мемлекеттен қайтарымсыз ақша алып беремін деп, жеке басын анықтайтын құжаттарын сұратқан.

Ал арадан 1 ай уақыт өткенде атынан онлайн несие алынғанын біледі. Әлгі танысынан күдіктенген тұрғын бірден тәртіп сақшыларына жүгініпті. Ал полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Нұрмахан Егемберді, Түркістан облысы ПД анықтау бөлімінің анықтаушысы:
«Күдіктіні анықтау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде қайтарымсыз несие шығарып беремін деген бойжеткен тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Ол жұмыссыз, бұрын сотты болған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Белгілі болғандай, бойжеткен оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Сезіктінің жалпы 10 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр».

Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 600 мың теңгеге жуық. Күдікті қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген.