24 қаңтар 2023 жылы Отырар аудандық сотымен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабының 1-1-бөлігімен әкімшілік іс қаралды. Іс құжаттарына сәйкес құқық бұзушы 2023 жылғы 12 қаңтарда сағат 00.10 шамасында Отырар ауданы, Шеңгелді ауылында бірге тұратын жәбірленуші зайыбын ұрып-соғып, оның денсаулығының қысқа мерзімге бұзылуына әкеп соққан, қасақана жеңіл зиян келтірген. Бұл туралы Отырар аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін мойындап, ашуға бой алдырғанын көрсетіп, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Қазіргі кезде жәбірленушімен татуласқанын көрсетті.
Жәбірленуші мен құқық бұзушы сот отырысында болған оқиғаны растап, өзара татуласқандарын бекітті.
Істің мұндай тұрғысында ӘҚБтК-нің 741-бабының 1-бөлігінің 12) тармақшасына сәйкес тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтатылуға жатады.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 54-бабына сәйкес құқық бұзушының әрекетіне қатысты Отырар ауданының полиция бөлімі ұсынған құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап қою туралы өтінішхаты қанағаттандырылды.
Сот қаулысымен құқық бұзушы әкімшілік жауаптылықтан босатылып, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабының 1-1-бөлігімен басталған іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылып, құқық бұзушының мінез-құлқына 3 (үш) ай мерзімге алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салуды міндеттейтін ерекше талап белгіленіп, профилактикалық әңгiмелесу үшiн айына 2 (екі) рет, әр айдың 15, 30 күні сағат 10:00 де Отырар ауданының полиция бөліміне келіп тұру мiндетi жүктелді.
Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.