Елде активтер туралы арнайы декларация тапсыратын тұлғалардың шектеулі тізімі құрылады

30
салықтан жалтарғандар заң алдында жауап береді

Қазақстанда активтер туралы арнайы декларация тапсыратын тұлғалардың шектеулі тізімі құрылады. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысында айтылды.

Отырысқа қатысушылар президент алға қойған міндеттерге сәйкес әзірленген елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасын қарады. Онда активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен шарттарды жоюға, оларды ерікті түрде қайтаруды ынталандыруға немесе мәжбүрлі түрде қайтару бастамасын көтеруге бағытталған нормалар қарастырылған.
«Уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін талдау нәтижелері бойынша активтер туралы арнайы декларацияны тапсыратын тұлғалардың шектеулі тізілімін құру жоспарланып отыр. Активтердің иесі олардың шығу тегін растай алмаған жағдайда, негізсіз сатып алынған деп танылады және мемлекет кірісіне айналады», – деп хабарлайды премьер-министр сайты.
Келіп түсетін активтерді халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландыру үшін пайдалану көзделіп отыр.
Смайылов әділет министрлігіне айтылған пікірлер мен ескертулерді ескеріп, заң жобасын мұқият пысықтауды жалғастыруды тапсырды.
Сондай-ақ қатар отырыста ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.