Биыл шетелден тасымалданған жүк салмағы 31 келіден, тауар құны мың еуродан аспаған жағдайда ғана кедендік баж салығы есептелмейді. Ал сәуірден бастап импорттық тауар бағасы 500 еуродан аспауы тиіс. Осылай деп хабарлаған Кірістер комитетінің өкілдері ереже Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден жеткізілген жүкке қолданылмайтынын жеткізді.
Егер тауардың құны мен салмағы белгіленген өлшемнен асып кетсе, кәсіпкер мемлекетке баж салығын екі санаттың бірін таңдап, өтеуі қажет. Былтыр интернет арқылы тапсырыс берген осындай бизнес иелерінен 702 млн теңгеден аса қаржы өндірілген. Кірістер комитетінің мамандары бір жылда интернет-дүкендер арқылы шетелден тауар сатып алушылардың 30%-ға көбейгенін айтады.