Кіші қажылыққа барғандар далада қалды

Қазақстандықтарды Умраға апаратын «Kausar Travel» туристік агенттігіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Ал уәдесін орындамаған компания басшысының сөзіне сенгендер Медина қаласында шарасыз халде жүр. Ал ақшасын қайтарып аламыз деп елде қалған жүздеген адам әлі өз қаржыларына қол жеткізе алмай әлек. Себебі, қасиетті мекенге сапарды ұйымдастырған мекеменің басшысы ізім-қайым жоқ.

Кіші қажылығын өтеу мақсатында «Kausar Travel» компаниясынан жолдама сатып алған азаматтар қаржысын әлі қайтара алмай жүр. Ал турагенттік басшысының уәдесіне сеніп, Медина қаласына барғандар бөтен елде, шарасыз халде далада қалған. Сөздерінше, қазір не жатар орын, не қолдарында елге қайтар билет жоқ.

«Біз Мекке қаласындамыз. ҚР-ның 60 шақты азаматы 14 және 17 қаңтар күні билет бойынша Шымкенттен Медина қаласынан тікелей рейспен ұшатын болғанбыз. Ақтөбеден, Алматы, Қарағандыдан көптеген адам Шымкент қаласына жиналды. Ұшақ кешіктірлгеннен кейін біз көктайғақта бізді Алматы қаласына апарды. Онда екі тәулік қонақ үйде болдық. Сосын 6-7 сағаттап созып, 20 күні бірнеше рейске бөліп, жеттік.  Бізге 4 жұлдызды қонақ үй уәде етілген. Біз сол қонақ үйге 3-4 перестыковкамен жеттік. Сол қонақ үйдің коридорында 6 сағат отырдық .Содан кейін сол жердегі қонақ үй иелері ешқандай орын брондаолмағанын айтып, гостиницадан шығуымызды өтінді», дейді олар.

Осы күнге дейін барлығы түзелетінін айтып уәде берген мекеме басшысы қазір ұшты-күйлі жоқ. Алданып қалдық деген адамдар оның соңғы күндері мүлдем байланысқа шықпағанын айтады.

Бейбіт Наурызбаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Күмәнданып уайымға салынып отырған кісілер уатсап желісінде үлкен чат ашып, бір-бірінен хабар алып отыр. Компанияның адамдары бізге қарсы жала жауып бастады. Сіздердің араларыңызда провокаторлар бар, әдейілеп жасап жатырсыздар компанияның репутациясын түсіру үшін деп. Тіпті офисқа барған кезде сіздер қызметкерлерге қол көтеріпсіздер деген мәліметтер тарап жатты. Бірақ оның дәл басы қасында мен өзім жүрдім. Телевидение де, полиция да көрді не болғанын, ондай ештеңе болған жоқ ол жерде».

Жүздеген адамды умра қажылығына алып барамын деп сан соқтырған туристік агенттіктің басшысы іздестіріліп жатыр. Қазір оған қатысты қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалған.

Ерлан Ирбаев, Шымкент қаласы ПД Еңбекші АПБ тергеу бөлімінің бастығы: «Орын алған жайт бойынша ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігімен іс қозғалған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Жәбірленушілердің қазіргі таңда арыздары қабылданып, қалған азаматтардың, олардың қатысуымен тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған «Kausar Travel»турагенттігінің басшылығына және өзге адамдарды іздестіру және оларды жеткізіп, тергеу амалдарын жүргізу жұмыстары жүргізілуде».

Егер қылмыстық іс-әрекет орын алғаны дәлелденсе, мекеме басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылады дейді тәртіп сақшылары. Қазіргі таңда Еңбекші аудандық полиция басқармасына 45-тен астам адам турагенттік басшысына қарсы арызданған.

Айта кетейік, шамамен 10 күн бұрын да дәл осы «Kausar Travel» компаниясы арқылы кіші қажылығын өтеуге ниеттенген жандар туристік агенттік алдап кетті деген шағыммен жиналған еді.