Сайлау-2023: Президент «аңдамай айтылған артық сөзден» аулақ болуға кеңес берді

55
Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына түсетін үміткерлерге кеңес берді. Жақында мәжіліс таратылды. Наурыз айында төменге палата депутаттарының сайлауы өтеді. Онымен бірге мәслихат депутаттары да сайланады.

«Бірнеше аптадан кейін саяси науқан басталады. Кандидаттар үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Олар дауыс жинау үшін түрлі тәсілді қолданады. Бұл – қалыпты демократиялық үдеріс. Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай шектеу қойылмайды. Заңға қайшы келмейтін барлық іс-әрекетке рұқсат беріледі. Дегенмен бір нәрсені бәріміз қаперде ұстауымыз керек. Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек», — деді Тоқаев сенаттың отырысында.
Осы орайда президент аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадамнан аулақ болуға кеңес берді.
«Тағы да айтқым келеді: үміткерлер қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болғаны жөн. Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізеді. Әрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс», — деп атап өтті Тоқаев.
Оның айтуынша, плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстанда саяси көзқарасы әртүрлі партиялар бар.
«Кандидаттардың түрлі мәселе бойынша ұстанымдарының бірдей болмауы да заңды құбылыс. Бірақ көзқарастары мүлде қабыспайтын ымырасыз қарсыластардың өзіне ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің қасиетті Отанымыз және қастерлі Тәуелсіздігіміз. Кез келген саяси мүддеге қарағанда мемлекетшілдік қасиет әлдеқайда биік тұруға тиіс. Қоғамға, ең алдымен, әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал сенім – бұл аса маңызды құндылық», — деді Тоқаев.