Шымкент: Дәрігерлер екі айға жуық реанимацияда жатқан жүкті әйелді аман алып қалды

112

 

2022-жылдың 15-қараша күні N1 қалалық клиникалық ауруханасына 1992 жылғы пациент ауыр халде қабылдау бөліміне жеткізілген.

Іштің өткір ауырсынуына шағымданған жүкті әйелді медицина мамандары толық медициналық тексеруден өткізіп, жедел операция бөліміне ауыстырған.
Операция кезінде дәрігерлер босанған әйелден гангренозды аппендицитті анықтап, хирургиялық жолмен алып тастаған. Ішінде шаранасы бар әйелде отадан кейін асқынулары көп болған. Себебі пациентте аппеедициттен бөлек, екі жақты пневмония, тері бүйрек бауыр зақымдануы, созылмалы бүйрек аурулары болған. Бұған қоса науқасқа дәрігерлер “жүйелі қызыл жегі” (системная красная волчанка) диагнозын қойған.

Созылмалы ауруларының асқынуы салдарынан науқастың күннен-күнге денсаулық жағдайы нашарлаған. Екі адамның өмірі үшін күрескен дәрігерлер тәулік бойы жансақтау бөлімінде медициналық көмек көрсетіп, бірнеше рет білікті мамандардың қатысуымен консулиум өткізген. Ауыр халдегі науқасты дәрігерлер ИВЛ-аппаратына қосқан.

Жүктіліктің 24-25 апталығында ағымдағы жылдың 2-қаңтар күні жүкті әйелдің толғағы басталып, дәрігерлер оны мерзімінен бұрын босандырып алды. Дүниеге келген ұл баланың салмағы -685 грамм. Ауыр халдегі сәби қалалық перинаталдық орталықтағы балаларға арналған жансақтау бөліміне ауыстырылды. Дәрігерлер шала туылған нәрестеге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде.

Босанған әйелдің жағдайы бүгінде жақсарып, жансақтау бөлімінен палатаға ауысты. Қазір жағдайы тұрақты. Денсаулығы жақсарған жас ананы дәрігерлер осы апта ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр.