Шымкент тағы да дүбірлі доданың орталығына айналды. Жеңіл атлетикадан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ел чемпионатына аймақтардан ең мықты жас спортшылар жиналды. Медаль үшін бақ сынайтын 19 команданың құрамында 721 спортшы бар. Бұл — Қазақстанның жазғы чемпионаттары тарихында осы жас санаты бойынша тіркелген рекордтық көрсеткіш.
Жүгіру жолдары мен алаңдарда қажыр-қайрат, жылдамдық пен төзімділіктің нағыз бәсекесі қызуда. Көптеген жасөспірімдер үшін бұл жарыс — өзін танытуға, жеке рекордын жаңартуға және үлкен спортқа жол ашуға берілген үлкен мүмкіндік.
АРИНА НИФЕДЕВА, СПОРТШЫ: «Бұл — менің негізгі бағытым болғандықтан, жарысқа ұзақ дайындалдым. Қазіргі мақсатым — ересектердің бірінші разрядын қорғап, Олимпиадалық даярлау орталығына жолдама алу үшін 50-60 метрге лақтыру. Спорттағы нәтижелерім жақсы, сондықтан болашағымды тек осы саламен байланыстырамын. Кейін өзім де жарыстарға қатыса жүріп, балаларды баптағым келеді. Басында жеңіл атлетиканың жүгіру түрімен айналысқан едім, кейін бапкерім Руслан Омаровтың шақыртуымен лақтыру өнеріне ауыстым».
Бүгінде елімізде жеңіл атлетика қарқынды дамып, жас спортшылардың бәсекелестігі де күшейе түсті. Шымкенттегі ел біріншілігінде бақ сынап жатқан ең үздік атлеттердің көбі қазірдің өзінде ұлттық құрама резервінде бар. Көрерменнің назары диск лақтырудан өз жас ерекшелігі бойынша болашағынан зор үміт күттіретін шымкенттік Максим Саженевке ауып отыр. Оның тұрақты нәтижесі мен жоғары әлеуетін байқаған мамандар жас дарынға үлкен сенім артады.
ДЕНИС МОИСЕЕВ, ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕЛЕШІСІ: «Біздің спортшылардың дайындығы өте жоғары. Жарыс Шымкентте өтіп жатқандықтан, сайысқа толық құраммен қатысып, жалпыкомандалық есепте бас жүлдені алу үшін барымызды салып жатырмыз. Жалпы, қазір өңірімізде жеңіл атлетикадан өте талантты буын өсіп келеді. Болашақта ұлттық құрама сапын толықтырады-ау деген 6-8 спортшымыз бар. Солардың бірі — диск лақтырушы Максим Саженев. Ол биыл өз жас тобында Қазақстан рекордын 3 рет жаңартты. Алда Жасөспірімдер Олимпиадасы күтіп тұр, Максим ол жаққа әлемдік рейтингтің көшбасшысы ретінде аттанады».
Шымкенттік спортшылар жергілікті жеңіл атлетика мектебінің деңгейі жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жарыс қорытындысы бойынша жерлестеріміз бірнеше сайыс түрінен жүлделі орындарды иеленді.
Ботакөз Әнуар






