Сотта Талап қоюшы А.-ның жауапкер К.-ға тұрғын үйден шығару туралы талап қою бойынша азаматтық істі қаралды. Бұл туралы Сайрам аудандық соты хабарлады. 2008 жылы талап қоюшыға әкімінің шешімімен 0,12 га көлемінде жер учаскесі берілген. Тұрғын үй құрылысы аяқталған соң 2020 жылдың қазан айында меншік иесіне пайдалануға берілген.
Талап қоюшы мен жауапкердің арасындағы некелері сот шешімімен 2021 жылдың мамыр айында бұзылғанына қарамастан, қазіргі таңда даулы тұрғын үйде бірге тұрып жатыр.
Жауапкер өз еркімен үйді босатудан бас тартқан соң, талап қоюшы тұрғын үйден шығару туралы сотқа талап қоюмен жүгінген.
Татуластырушы-судьямен істі сотқа дейінгі қарау барысында тараптардың қатысуларымен, келісімді бекітудің және істі қысқартудың салдарын түсіндіру арқылы тараптар бітімге келді.
Сотпен медиативтік келісім бекітіліп, оның шарттары бойынша жауапкер жылжымайтын мүлікті сатуға бөгет келтірмей және сатуға көмектесіп, жылжымайтын мүлік сатылған кезден тұрғын үйден өз еркімен шығуға міндеттенеді. Ал талап қоюшы өзінің талабынан бас тартады және үйдің сатылған қаражатының 50% жауапкер К.-ға беруге міндеттенеді.