Шымкентте алғаш рет жас іскер әйелдер форумы өтті

59

Шымкентте алғаш рет қазақстандық жас әйелдер форумы өтті. Халықаралық қыз-келіншектер күні қарсаңында ұйымдастырылған шараға елге танымал, өмірде белгілі жетістікке жеткен нәзік жандылар арнайы шақырылды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов те арнайы форумға қатысып, аруларды мерекемен құттықтады.

Шымкентте өтіп жатқан алғашқы жас әйелдер форумына кино және театр әртісі, ел арасында Қыз Жібек образымен есте қалған Меруерт Өтекешова да арнайы келген. Нәзік жандыларға айтарым бар деген өнер иесі бұл шараға спикер ретінде қатысып отыр. Ол әйелдің қоғамдағы орнына тоқталып, қандай жағдай болмасын төзімділік қасиетін басшылыққа алу қажет екенін айтады.

Меруерт Өтекешова, Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі: «Ұстаз болғаннан кейін мен студенттеріммен көп әңгімелесемін. Өз ақылымды айтып отырамын. Бүгінгі форумнан да үлкен тәрбие алуға болады. Басым бөлігі жастар, сондықтан өз керектерін алады деген ойламын».

Шараға өмірде белгілі бір нәтижеге жетіп, өз орнын тапқан әйелдер шақырылған. Олардың ішінде танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы да бар. Ерекше даусымен әлемді тамсандырып жүрген әртіс бүгінгі форумда да өз өнерін ортаға салды.

8-наурыз халықаралық қыз-келіншектер күні қарсаңында мұндай ауқымды форум ұйымдастырған қала әкімі Мұрат Әйтенов те шараға қатысып, аруларды мейрамымен құттықтады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Берекенің бастауы да, шаңырақтың шаттығы да, мейірімнің ұясы да, әсемдіктің қайнар көзі де сіздерсіздер. Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді деген рас. Сондықтан сіздер қандай құрметке болса да лайықсыздар. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын».

Мегаполис әкімі Мұрат Әйтеновтің сөзінше, мұндай форум алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылып отырады. Өйткені, шараның жас әйелдерге берері көп.