Түркістанда «Рухани мекенде неке қию» туристік маршруты іске аспақ

44

Күллі түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістан шаһарының туристік әлеуетін көтеру мақсатында 15 сәуір – Қозы-Көрпеш Баян-Сұлу күніне орай «Рухани мекенде неке қию» туристік маршруты жүзеге аспақ.

Аталған туристік жоба аясында 15-16 сәуір күндері 50 жұп қатысады деп жоспарланған. Бұл туралы брифингте облыстық туризм басқармасы басшысының м.у.а. Нұрдәулет Медеуов мәлімдеді.
– Түркістан – күллі түркі халықтарының тарихын байланыстырған, қазақ хандығының қарашаңырағы атанған киелі шаһар. Қастерлі мекенде неке қию үрдісін насихаттау мақсатында жас жұбайларға екі күндік турпакет ұсынылады. Турпакет құнына заманауи қонақүйде түнеу, қаланың туристік нысандарын аралау, түрлі сауықтыру қызықты бағдарламалар, романтикалық кешкі ас сияқты қызметтер кіреді. Алдағы уақытта бұл жоспар іске асып жатса, Түркістанда неке қиятын жандардың қатары қалыңдап, туристік әлеуеті күшейе түсетіні анық, – деді Нұрдәулет Данабайұлы.
Еске сала кетсек, Наурыз мерекесі қарсаңында, яғни 15 наурызда «Керуен сарай» туристік кешенінде Түркістан облысының туристік маусымының ашылуы өтеді. Бұл күні сағат 15:00-20:00 аралығында өтетін іс-шара барысында концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, интерактивті сұрақ-жауап пен түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, мерекелік шарада әуе шарларының ұшырылуын тамашалауға мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, Түркістанда 22 наурыз күні «Тайқазан» гастрофестивалі, 21-23 наурыз аралығында «Этнофестиваль», 23-26 наурыз аралығында «Жанды сабақтар» экскурсиялық бағдарламасы өткізіледі деп жоспарланып отыр.