Ұлттық киім кию челленджі барлық аудан-қалаларда жалғасты

282

Бүгін Түркістан облысының әкімдігі «Ұлттық киім кию» челленджін бастаған болатын. Бастамаға облыс басшысы Дархан Сатыбалды қолдау көрсетіп, жұмыс орнына ұлттық киіммен келді. Сондай-ақ, шараға облыстық әкімдік қызметкерлері мен облыстық басқармалар да үлес қосты.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Ахымбетовтың айтуынша, бұл үрдістің мәні зор.
«Челлендждің ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, ұлттық болмысымызды айшықтауда маңызы айрықша. Бүгін, 15 наурыз күні «Наурыз – ұлттық дәстүр мен меймандостық мерекесі» деп айдар тағылып, барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің жұмысқа қазақтың ұлттық киімін киіп келуі расында да көз қуантады. Жылдың басы, жаңару мерекесінде ұлттық киімге осылайша құрмет көрсету, өз кезегінде мемлекеттік қызметкерлер үшін дәстүрге айналуы тиіс», – деді басқарма басшысының орынбасары Б.Ахымбетов.
Сонымен қатар, «Ұлттық киім кию» челленджін облыстағы барлық аудан-қала әкімдіктері қолдап, жұмыс орнына ұлттық киіммен келді. Қызметкерлер ұлттық тағамдарды әзірлеп, бір-бірін ұлық мерекемен құттықтады. Наурыздың сәнін келтірген бастамаға Түлкібас ауданы да қызу қолдау көрсетті. Аудан әкімі Нұрлан Байғұт ұлттық құндылықтарды ұлықтау ұлттық киімдерді дәріптеуден басталатынын айтты.
«Бүгін облысымыздағы барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлері жұмысқа ұлттық киіммен келіп жатыр. Бұл – ұлттық құндылығымызға деген құрмет. Ұлттық киімдеріміз сандықта жатып, тек мереке күндері киілмей, мұны біз күнделікті дәстүрге айналдыруымыз керек. Жылдың басы Наурыз – жаңарудың бастауы, жылдың басы. Жаңа жыл елімізге құт-берекесімен, өңірімізге ырысымен келсін», – деді аудан әкімі Нұрлан Байғұт.
Айта кетейік, облыс әкімі Д.Сатыбалдының бастамасымен Наурыз мерекесі биыл өңірде 10 күн бойы атап өтіледі. Әр күнге арнайы ат беріліп, түрлі мерекелік шаралар қолға алынып жатыр.