Нартай Аралбайұлы: Балаларды телефоннан шектеу керек

111

ҚР Парламенті мәжісінің депутаты Нартай Аралбайұлы кәмелетке толмағандар арасында орын алып жатқан әлімжеттік жайтына алаңдаулы. Өйткені, көп жағдайда мұның соңы адам өлімімен аяқталып жатыр. Халық қалаулысы мұның алдын алу үшін бірнеше ұсынысын білдірді. Балалар арасындағы әлімжеттіктен қалай құтылуға болады?

Қазақстанда әрбір үшінші оқушыға әлімжеттік жасалады. Осы статистикаға сүйенген мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы балалар қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың артуына телефонның да әсері бар. Сондықтан мәжілісмен оқушыға сабақ уақытында ұялы телефон қолдануын шектеу керек деп есептейді. Сонымен қатар, білікті психологтар санын арттыру да буллингтің алдын алуға көмектеседі дейді.

“ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген типтік штатқа сәйкес, мектептерде ең көп дегенде 2 психолог қана жұмыс істей алады. Ал бізде үлкен мектептердің саны артты. Мәселен, 4 мың бала оқитын мектептегі екі психолог кімге жетеді, кіммен сөйлесіп үлгереді?! Бір психологқа 250 оқушыдан келетіндей нормативтік өзгерістер жасау керек. Мұғалімдердің сабақта және сабақтан тыс уақытта балалардың тәрбиесімен жүйелі айналысуы үшін кейбір мамандандырылған мектептердегідей арнайы куратор штаттық бірлігін барлық мектептерге енгізіп, олардың лайықты айлық жалақысын және статусын айқындауыңызды сұраймыз. Мектептегі буллингтің алдын алу үшін психологтардың санын арттырып, тиісті жағдай жасау қажет”,-дейді депутат.

Нартай Аралбайұлы мұндай жайттардың алдын алу үшін ата-анаға да жауапкершілік қарастыру керек дейді. Өйткені, баланың тәрбиесімен тек мектеп қана айналыспауы қажет. Сондай-ақ бас прокурордан айыптылардың жазадан құтылып кетпеуін қадағалауды сұраған депутат соңғы кездері елде болған жантүршігерлік жағдайларды тізім шықты.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: “Жақын күндері болған сұмдық оқиғалардың бірқатарын айта кетейік: Сәуір айының басында Түркістан облысы Төрткүл ауылында су каналынан 15 жасар қыздың өлі денесі табылды. 9 сыныпта оқыған жасөспірімді өлтірді деген күдікпен 2 адам ұсталды. Біреуі марқұммен бір мектепте оқитын 11-сынып оқушысы, екіншісі 19 жастағы сол ауылдың тұрғыны. Белгілі болғандай күдіктілер  жасөспірім қыздан 1 млн. теңге бопсалаған.
Алматы облысындағы Саты ауылында орын алған қайғылы оқиға төбе шашымызды тік тұрғызды. Алдымен 10 сынып оқушысының көз жұмғанын естідік. Белгілі болғандай, 11 сынып оқушысы 10 сынып оқушысына әлімжеттік жасап ұрған. Салдарынан бала тіл тартпай кетті. Марқұм болған 10 сынып оқушысының жерлеуінен кейін оның досы, сыныптасы өз өзіне қол салып қайтыс болды. Соңғы хатында ол: «мені досымның қасына жерлеңдер» депті. Күдікті ретінде танылған 11 сынып оқушысы қазір үйқамақта екен. Бұл  жайтта марқұмның туыстарының наразылығын тудырып отыр”.

Балаларды әлімжеттікке төзбеуге, егер қысым жасалса арнайы маманға жүгінуге үйрету де мәселенің шешімі болуы мүмкін. Себебі, қоғамда «арыздануға болмайды, таяқ жегеніңді айту ұят» деген түсінік қалыптасқан дейді депутат. Ал қарапайым халықтың бұған көзқарасы қандай? Жалпы әлімжеттікті қалай жеңуге болады?

«Ең бірінші ата-ана жауапкершілікті сезінуі керек. Қазіргі балалар телефонда көп отырады. Осыған көп мән беруіміз керек. Себебі, барлық бәлеосы гаджеттерде көрсетіледі. Оны көрген бала шынайы өмірде соны жасауға тырысады».

«Мектеп пен ата-ана бірлесіп жұмыс істеуі керек. Баланы еркіне жіберуге болмайды. Қадағалап отыру маңызды».

«Мектеп мұғалімдері тек білім беріп қана қоймай, балалардың тәрбиесімен де айналысу керек деп ойлаймын. Сабақтың бір бөлігін осы бағытқа арнау қажет сияқты»,-дейді тұрғындар.

Қалай болғанда да ең басты тәрбие отбасыдан, қала берді қоғамнан екені белгілі. Бұлай болғанда әр ата-ана баласына жауапкершілікпен қарап, виртуалды әлемде кіммен араласып, немен айланысып отырғанын бақылап отырса, бәлкім, қылмыс та азаяр ма еді?! Ал депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен Нартай Аралбайұлы алдағы уақытта үкімет бұл проблемаға қатысты тиісті шара қабылдайды деген үмітте.