Түркістан мектептерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы іске қосылды. Мамандар буллинг, кибербуллинг және интернеттегі қысымға қарсы онлайн кездесулер өткізуде. Сондай-ақ, жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайын бақылау үшін мектептерде арнайы жүйе енгізілген.
Буллинг, кибербуллинг және доксинг — мектеп ортасындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемісов тікелей эфир өткізді. Кездесу барысында оқушыларды ең алдымен әлеуметтік желідегі болып жатқан оқиғалар алаңдататыны анықталды.
ДӘУЛЕТ ТІЛЕМІСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бүгін онлайн режимге 330 мың-ға жуық оқушылар қатысты. Бұл оқушылардан алдын ала 6500 сұрақ жинаған болатынбыз. Ол сұрақтардың барлығы облыстық психология орталығының мамандарымен бірге сараланды. Және соның негізінде бүгін жауап бердік.
Тағы бір өзекті мәселе — жасөспірімдер арасындағы суицид. 2025 жылы тіркелген жағдайлар алдыңғы жылмен салыстырғанда азайғанымен, бұл тақырып әлі де қоғам назарынан түскен жоқ. Негізгі себеп — ата-ана мен бала арасындағы ашық әңгіме мен сенімнің аздығы. Соның салдарынан кейбір жасөспірімдер қиындықтың шешімін әлеуметтік желіден немесе сырттан айтылған кеңестерден іздеп, оны бәріне бірдей көмектесетін жол деп қате түсінеді.
ДӘУЛЕТ ТІЛЕМІСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Құрметті ата-аналар. Балаларға көңіл бөліңіздер. Келеңсіз оқиғалардың алдын аламыз. Біз бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Уақтылы ақпараттану құқықбұзушылықтың да, суицидтің де алдын алуға мүмкіндік береді. Ата-аналар балаларының бос уақытында немен айналысатынын білуі тиіс. Өкінішке қарай, көпшілік оған мән бермейді, баласының өміріне қызығушылық танытпайды. Ата-аналарға өтініш — балаңызға бақылау жасаңыз, сонда мұндай мәселелер мен қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады»
Диалог тек тікелей эфирмен шектелмеді. Талқылауды мектеп психологтары мен қолдау орталықтарының мамандары да мұқият бақылап отырды. Егер күмәнді немесе алаңдатарлық белгі байқалса, олар бірден іске кірісіп, баланың эмоционалдық жағдайын бағалап, қажет болған жағдайда атаулы көмекті жеке немесе ата-анамен бірлесе көрсетеді.
КҮЛЗАТ ЖАМЫЛҚЫЗЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: «Барлық мектепте “сигналдық парақ” жүйесі енгізілген. Яғни, алаңдатарлық өзгерістер туралы ақпарат алдымен мектеп директорына, кейін тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына және мектеп психологына жеткізіледі. Содан соң бірлескен жұмыс ұйымдастырылады. Осы деректер негізінде мамандар баланың психологиялық көмекке мұқтаж екенін анықтап, эмоционалдық жағдайын және қиындықты еңсере алу қабілетін бағалайды»
Мұндай жүйелі жұмыс балаларға қатысты қауіп-қатерді ерте анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді. Тәжірибе көрсеткендей, ең бастысы — баланы қиындықпен жалғыз қалдырмай, алаңдатарлық белгілерге дер кезінде жауап беру.
Ботакөз Әнуар






